Сайлаудағы партияның нәтижесі оның тек жалпы медиадағы танымалдығына емес, таңдалған коммуникациялық стратегиясына, түрлі алаңдарда болуына және сайлаушылармен тұрақты байланысына байланысты. PR&Media қауымдастығының төрағасы, коммуникациялар жөніндегі сарапшы Ақерке Берлібай «Sarap» сарапшылық клубының отырысында өткен науқанның қорытындыларын PR және саяси маркетинг тұрғысынан талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы сараптамалық қоғамдастықтың бір бөлігі үшін күтпеген нәтижелердің бірі ретінде ЖСДП-ның бес пайыздық межені еңсеруін атады. Оның пікірінше, бұған партияның әлеуметтік желілердегі жүйелі жұмысы септігін тигізуі мүмкін.
Көпшілігіміз үшін ЖСДП-ның 5 пайыздық межені еңсергені тосынсый болды. Бірақ PR мен коммуникация тұрғысынан қарасақ, олардың коммуникациялық стратегиясы өте жақсы құрылғанын, дәл әрі нақты жұмыс істегенін сенімді түрде айта аламын, – деді Ақерке Берлібай.
Десе де, жоғары медиабелсендік барлық партияға бірдей қажетті нәтиже бере қойған жоқ. Сарапшы мысал ретінде YouTube, Instagram және TikTok желілерінде белсенді болғанымен, сайлау шегінен өте алмаған Қазақстан Халық партиясын келтірді.
Берлібай бұған ықтимал себептердің бірі ретінде партияның тек өзінің ақпараттық ресурстарына басымдық бергенін атап өтті.
Қазақстан Халық партиясы тек өз ресурстарына шектеліп, өздері, өз лидерлері мен спикерлері туралы ақпаратты басқа пабликтерде тартқан жоқ. Меніңше, бұл да әсер етті. Екіншіден, әрине, мемлекеттік тіл мәселесі бар, оларда коммуникация негізінен орыс тілінде жүргізілді, – деді ол.
Сонымен қатар, сарапшы «Әділет» партиясының жұмыстарына да тоқталып өтті. Оның бағалауынша, бұл партияның нәтижесіне кең ауқымды өңірлік қатысу ғана емес, саяси брендтің айтарлықтай жаңаруы да әсер еткен.
Партия мүлдем түбегейлі ребрендинг жасады. Яғни, жаңа құрам, жаңа қоғамдық бейнелер пайда болды. Бұл өте қызық. Екінші жағынан, маркетинг немесе брендинг тілімен айтсақ, біз «жанасу нүктелері» туралы айтамыз, – деді Берлібай.
Сарапшының айтуынша, партия потенциалды сайлаушылармен осындай «жанасу нүктелерінің» барынша көп болуын қамтамасыз етуге тырысқан.
«Әділет» партиясы — барлық жанасу нүктелерінде болған жалғыз партия. Яғни, олар өздерінің «Әділет» брендін тек әлеуметтік желілерде ғана көрсеткен жоқ, – деп атап өтті маман.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде партия контент жасау үшін жасанды интеллектіні пайдаланған. Берлібай партияның жастар аудиториясымен өзара әрекеттесу үшін ЖИ-сериалдар мен комикстерді қолданғанын тілге тиек етті. Ал офлайн-кампания аясында дрон-шоу, символикасы бар әуе шарлары мен катерлерге баннерлер орналастыру шаралары ұйымдастырылған.
Сарапшы мұндай қатысу саяси брендке сайлаушылардың есіне өзін үнемі еске салып отыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Бұл жанасу нүктелері бейсаналы түрде сайлаушыға «біз осындамыз, біз барлық жердеміз» дегенді үнемі еске салып тұрады, – деді ол.
Берлібай «Әділет» партиясының тағы бір артықшылығы ретінде оның өңірлердегі оффлайн кездесулерін атады. Оның айтуынша, сайлаушылардың саяси күш өкілдерін тек интернеттен емес, тікелей өңірлерден, жергілікті жерден көруі үлкен маңызға ие.
Электоралды кезең аяқталғаннан кейін де, сарапшының пікірінше, партиялар үшін келесі сайлауға дейін аудиториямен жұмысты тоқтатпау маңызды. Партиялар тек сайлау маусымынан маусымға дейін емес, әлеуметтік желілерде үнемі белсенді болуы керек, – деп атап өтті Берлібай.
Оның ойынша, сайланған Құрылтай депутаттары да өздерінің жеке қоғамдық белсенділігін арттырып, атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, азаматтарға қолжетімді болуы қажет. Сонда сайлаушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша кімге жүгіне алатынын анық түсінеді.