Сарапшы Қазақстан медицинасында ЖИ қолданудың маңызды бағыттарын атады
Қазақстан мен Гонконг денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты, оның ішінде медициналық кадр даярлау, кәсіби тәжірибе және білім алмасу бағыттарын кеңейтпек. Бұл туралы Назарбаев Университетінің медицина жөніндегі вице-президенті, медицина факультетінің деканы, профессор Нг Хак-хуэй айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, тараптардың мақсаты Қазақстанға тікелей қаржылай көмек көрсету емес, медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзара тәжірибе алмасуды күшейту.
Біздің мақсатымыз – бір-бірімізбен көбірек тәжірибе алмасу. Гонконгта немесе Қытайдың басқа өңірлерінде медициналық және қоғамдық денсаулық сақтау қызметтерінің деңгейі, алғашқы медициналық көмек жүйесі және медицина саласындағы нақты мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық бар, – деді профессор Нг Хак-хуэй.
Оның айтуынша, Назарбаев Университеті мен Гонконг тарапы арасында өткен жылы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Құжаттың негізгі бағыттарының бірі – академиялық және кәсіби білім алмасуды дамыту.
Бүгінгі семинар – осы келісімнің жүзеге асуының бір көрінісі. Біз Гонконгтан медицина және білім беру саласының жетекші мамандарынан құралған үлкен делегация әкелдік. Бұл – білім және тәжірибе алмасуға бағытталған жұмысымыздың бастамасы, – деді ол.
Профессордың пікірінше, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – жоғары білікті медициналық мамандар даярлау.
Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін тек қаржы, құрал-жабдық немесе дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Ең маңызды фактор – адам капиталы. Медициналық ғалымдар, дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да медицина мамандарын даярлау өте маңызды, – деді профессор Нг Хак-хуэй.
Осы ретте ол Гонконг пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықта медициналық кадрларды даярлау және кәсіби мамандардың тәжірибе алмасуы маңызды орын алатынын атап өтті.
Сонымен қатар профессор денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні қолданудың әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан аумағының кеңдігі және кейбір өңірлерде халықтың сирек орналасуы медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде қиындықтар туғызуы мүмкін.
Жасанды интеллекттің денсаулық сақтау саласындағы рөлі әсіресе Қазақстан үшін маңызды. Ол деректерді өңдеу, қашықтан медициналық көмек көрсету және медициналық қызметтерді халыққа жеткізу мүмкіндігін кеңейте алады, – деді ол.
Профессордың айтуынша, GX Foundation да медициналық және қоғамдық денсаулық сақтау саласында шетелдерге көмек көрсететін үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы ретінде білім мен кәсіби тәжірибе алмасуға ерекше мән береді.
Біз Қазақстанмен білім және кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту мақсатында меморандумға қол қойдық. Бүгінгі семинар – осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нақты көрінісі. Бұл жұмысты жалғастыру арқылы Гонконг, Қытай және Қазақстандағы медициналық білім мен кәсіби тәжірибе деңгейін арттыруға үлес қоса аламыз, – деді профессор.
Айта кетейік, семинар барысында Назарбаев Университеті, Hong Kong University және Macau University арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Тараптар бұл келісімдер медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер, кадр даярлау және кәсіби тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп күтеді.
Еске салсақ, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін жаңа технология әзірленді. Бұл туралы Қытай Гонконг университетінің вице-канцлері әрі президенті, профессор Ло Юк-мин Астанада өткен медицина саласындағы халықаралық семинарда мәлімдеді.