Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК-тен шығуы мүмкін деген ақпарат әлемдік нарықта қызу талқыланып жатыр. Бұл қадам мұнай бағасына қалай әсер етеді деген сұрақ та күн тәртібіне шықты. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұл жағдайды заңды әрі алдын ала болжанған үдеріс деп бағалайды.
Сарапшының айтуынша, ОПЕК+ аясындағы келісімдердің ұзақмерзімді тұрақтылығы бастапқыдан-ақ күмән тудырған.
Мен бұл туралы бірнеше жыл бұрын айтқан едім. Өзім "сақина бауырластығы" деп атаған бұл құрылым әуел бастан-ақ ыдырайтыны анық болатын. Себебі оның құрамындағы күштер тым әркелкі, ал кейбір елдер, соның ішінде Қазақстан да, бұл келісім талаптарын толық орындамады. Келісімнің мәні – барлық елдер мұнай өндіруді пропорционалды түрде қысқартып, ұсынысты шектеу арқылы бағаны тұрақтандыру еді. Бірақ басқа мемлекеттер ұзақ уақыт бойы келісімді бұзып, керісінше өндірісті арттырып отырса, бұл жағдай ешкімге ұнамайтыны түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, Әмірліктердің бұл келісімнен шығуы – заңды әрі қисынды қадам, – деп атап өтті Олжас Байділдинов.
Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мұнай нарығында жаңа кезең басталып отыр. Сарапшы баға саясаты енді бұрынғыдан да құбылмалы болуы мүмкін екенін айтады.
Сондай-ақ ол өндіріс көлемінің артуы мен геосаяси жағдайдың өзгеруі мұнай бағасына тікелей ықпал ететініне тоқталды.
Әмірліктер қазір тәулігіне шамамен 3,4–3,5 млн баррель мұнай өндіреді. Ал қолда бар қуаттары мен жаңа жобалары өндірісті 5 млн баррельге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ал Иран мен коалиция арасындағы қақтығыстың шиеленіскен кезеңі аяқталған соң, меніңше, мұнай бағасы қайтадан барреліне 70 доллардан төмен деңгейге түседі. Жыл соңына қарай 60 доллар шамасын да көруіміз мүмкін. Әрине, бұл Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне кері әсер етеді, – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, егер елдер өндірісті бірлесіп реттемесе, нарықта баға үшін күрес күшейе береді.
Егер біз өндірісті реттемесек және келісімдерге толық қатыспасақ, бәрібір баға соғысы басталады. Шын мәнінде, ол бүгіннің өзінде басталып та кетті, – дейді Олжас Байділдинов.