Санжар Бокаевтың ісі сотқа түсті
Қоғам белсендісіне қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Тергеу барысында Бокаевқа бірқатар ауыр күдік тағылған. Енді істің тағдырын сот шешеді.
Санжар Бокаевқа қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына түсті. Бұл туралы оның адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаушының айтуынша, алғашқы сот отырысының күні әзірге белгіленбеген.
Бүгін қорғауымыздағы Бокаев Санжар Умарұлына қатысты іс Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотқа түсті. Алғашқы сот процесінің қашан өтетіні әзірге белгісіз. Жаңалықтар болған жағдайда, сіздерді хабардар етеміз, – деді Радмир Өтепов.
Бокаевқа қандай айып тағылып отыр?
Санжар Бокаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда қылмыстық істі тергеу аясында ұсталған.
Тергеу мәліметінше, ол құқық қорғау органдарының пікірінше, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға бағытталған көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумақтарындағы ағаштардың заңсыз кесілгені және құрылыс нысандарындағы болжамды заң бұзушылықтар туралы бейнематериалдар жарияланған. Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, Бокаев мұндай әрекеттерді ұйымдастырып, оған адамдарды ақшалай сыйақы үшін тартуы мүмкін.
Сонымен қатар ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жолмен ақша қаражатын жымқыру ісі бойынша да күдікті ретінде өтіп жатыр.
Бас прокуратура не деді?
2 сәуірде Сенатта өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Санжар Бокаевтың қылмыстық іс бойынша фигурант екенін растады.
Ол алаяқтық жолмен ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқырды және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген қылмыстарды жасады деген күдікке ілінді, – деді Ерлан Өтегенов.
Оның айтуынша, аталған құқық бұзушылықтар Бокаевтың ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істеген кезінде жасалуы мүмкін.
Санжар Бокаев – қазақстандық қоғам белсендісі, экономист әрі блогер. Ол әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси және экономикалық тақырыптарға, сондай-ақ қалалық орта мен экология мәселелеріне қатысты белсенді пікір білдіріп келген.
Бұған дейін, 22 мамырда Алматы қалалық соты қорғау тарапының Бокаевты қамауда ұстау туралы шешімге берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған еді. Сонымен қатар 12 маусымда Алматы соты қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Бокаевты қамауда ұстау мерзімін тағы ұзартқан.