12 Қараша 2026, 13:25 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды: Олар кім және Президент бұған дейін қандай сын айтқан?

Астанада сегіз чемодан мен долларға ұқсас банкноттар табылғаны туралы ақпарат тарады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады. Осы уақытта Астанада сегіз чемодан мен долларға ұқсас банкноттар табылғаны туралы ақпарат тарады. BAQ.KZ тілшісі екі басшының еңбек жолын, оқиғаға қатысты белгілі деректерді және соңғы жылдары Президент пен Үкіметтің аталған ұлттық компанияларға айтқан сындарын жинақтады.

Екі басшыға қандай күдік келтірілді?

ҰҚК-нің 12 қарашадағы ресми мәліметіне сәйкес, 11 қарашада ведомствоның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті, сондай-ақ өзге де тұлғаларды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады. Ресми мәлімдемеде күдіктілерге қатысты істің нақты мән-жайы мен ықтимал қаржы сомасы көрсетілмеген.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты ҰҚК қызметкерлері ұстауға келген сәт

Заң алдында бәрі тең болуы тиіс

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуын тек кезекті қылмыстық іс ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл жолы сөз ел экономикасының маңызды салаларын басқарған, стратегиялық шешімдер қабылдаған жоғары лауазымды тұлғалар туралы болып отыр.

Президент бұған дейін ұлттық компаниялардың жұмысын бірнеше рет сынап, басқару тиімділігін арттыруды, қаржының ашық жұмсалуын және жауапкершілікті күшейтуді тапсырған.

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мәні де осы – адамның қызметіне, лауазымына немесе ықпалына қарамастан, заң бәріне бірдей қолданылуы керек.

Саяси сарапшы Ғазиз Әбішев «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол өзінің Telegram-арнасында жариялаған жазбасында бұл жағдайды Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатының іс жүзінде орындалуымен байланыстырды.

Меніңше, мұндай деңгейдегі ұстау шаралары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей келісімінсіз жүргізілмейді. Бұл әрекеттер оның тапсырмасымен әрі келісімімен жүзеге асырылды деп есептеймін. Өйткені Қазақстан экономикалық дамудың шешуші кезеңінде тұр. Ел алдына ресурстарды барынша шоғырландырып, экономикалық серпіліс жасау және индустриясы дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Осындай жағдайда мемлекеттік активтер сеніп тапсырылған басшылардың жемқорлығына төзуге болмайды. Бұл тек заң бұзғандарды жазалау ғана емес, «Заң мен тәртіп» қағидатының тағы бір ескертуі. Яғни ортақ қаржыға қол сұққан кез келген адам заң алдында жауап береді. Басқа жол жоқ. Мемлекеттік шығындарды қысқартып, бюджет кірісін ұлғайту міндеті тұрған кезде жемқорлыққа кінәлі деп танылғандарға қатаң шара қолдану ғана елдің алға жылжуына мүмкіндік береді», – деп жазды Ғазиз Әбішев Telegram-арнасында.

Астанадағы сегіз чемодан ақшаға қатысты не белгілі?

12 қарашада әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Астананың Қонаев көшесіндегі Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан чемодандар мен шашылып жатқан ақша табылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға орнында сегіз чемодан мен АҚШ долларына ұқсас банкноттар болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, полицияның «102» арнасына хабарлама түсіп, оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері барған. Желіде тараған бейнежазбадан тротуарда шашылып жатқан банкноттар мен олардың жанындағы чемодандарды көруге болады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі аталған жерде ұстау шараларын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жүргізгенін хабарлаған.

Дегенмен ҰҚК мен ІІМ ақшаның нақты кімге тиесілі екенін, оның жалпы сомасын және ұсталған екі басшыға қатысы бар-жоғын ресми түрде ашқан жоқ. Сондықтан бұл оқиғаны Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевке қатысты қылмыстық іспен тікелей байланыстыруға әзірге негіз жоқ.

Нұрлан Жақыпов кім?

48 жастағы Нұрлан Жақыпов 1978 жылғы 31 наурызда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолында Royal Bank of Scotland, UBS және Rothschild & Co сияқты халықаралық қаржы ұйымдарында жұмыс істеген.

Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі 

2016-2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында даму және инвестициялар жөніндегі басқарушы директор, 2017-2019 жылдары «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болды.

2020-2023 жылдары Kazakhstan Investment Development Fund Management Company компаниясын басқарды.

2023 жылғы 3 сәуірде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз», Air Astana және KEGOC компанияларының директорлар кеңестерінде қор мүддесін білдірген.

Елжас Отыншиев кім?

Елжас Мұратұлы Отыншиев 1987 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Мәскеу физика-техникалық институтында білім алған.

Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі

Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бастаған.

2009-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларында қызмет атқарған. Кейін инвестициялық қорлар мен жеке холдингтерде басшылық қызметтерде болды.

2023 жылы «Самұрық-Қазына» қорына қайта оралып, стратегия және активтерді басқару бағытына жетекшілік етті.

2026 жылғы 20 шілдеде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Яғни ол бұл қызметте төрт айға жуық уақыт жұмыс істеген.

Президент «Самұрық-Қазынаны» неге бірнеше рет сынады?

Ұлттық әл-ауқат қорының қызметі соңғы жылдары Мемлекет басшысының сынына бірнеше мәрте ілікті. 2022-2026 жылдар аралығындағы ресми материалдарда Президенттің қорға қатысты сын айтқан кемінде бес бөлек жиынын атап өтуге болады.

2022 жылғы 11 қаңтар: қорды тарату мәселесі көтерілді

Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілісте сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев қордың тиімділігіне күмән келтірді.

Президент қор активтерінің көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 60 пайызына тең екенін атап өтіп, ұлттық байлықты еселеу міндетінің қалай орындалып жатқанын сұрады.

Мемлекет басшысы қорды түбегейлі реформалауды тапсырды. Егер оны өзгерту мүмкін болмаса, мұндай құрылымның экономикада болмағаны жөн екенін айтты.

2022 жылғы 21 қаңтар: сатып алулар мен ашықтық мәселесі

Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде қор жұмысын қайта сынға алды.

Бұл жолы сатып алулардың ашық еместігі, тиімсіз келісімдер, кадрлық шешімдер мен аяқталмаған инвестициялық жобалар мәселесі көтерілді.

Мемлекет басшысы қор басшылығына реформаларды жүзеге асыру міндетін қойды.

2022 жылғы 14 шілде: әкімшілік шығындар сыналды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ұлттық компаниялардағы әкімшілік шығындардың жоғары екенін айтты.

Сондай-ақ қордың еншілес компаниялардың күнделікті қызметіне, сатып алуларына және кадрлық шешімдеріне шамадан тыс араласатынын сынға алды.

2026 жылғы 20 қаңтар: энергетикалық жобалардың кешігуі

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысына қатысты мәселе көтерді.

Жобалардың ұзаққа созылғанын сынаған Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды.

2026 жылғы 10 ақпан: «Қосшыдан басшы көп»

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қор мен ұлттық компаниялардағы басқарушы қызметкерлердің шамадан тыс көбейгенін сынға алды.

«Менің ойымша, қосшыдан басшы көп», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы басқару құрылымын қайта қарап, ұлттық компаниялардың тиімділігін арттыруды тапсырды.

ҚТЖ да бірнеше рет сынға ілікті

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жұмысына қатысты да соңғы жылдары бірқатар өткір мәселе көтерілді. Әсіресе теміржол инфрақұрылымының тозуы, жүк тасымалы жоспарының орындалмауы, жолаушылар вагондарының жағдайы және цифрландырудың баяу жүруі Президент пен Үкіметтің назарында болды.

Фото: «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы

2025 жылғы 14 мамыр: көлік саласындағы кемшіліктер үшін министрге сөгіс жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік-логистика саласындағы жүйелі мәселелер қаралды. Мемлекет басшысы шекара арқылы жүк өткізудегі қиындықтарды, өткізу бекеттерінің нашар жағдайын және ірі инфрақұрылымдық жобалардың кешігуін сынға алды. Президенттің бағалауынша, қордаланған проблемалар мен жоспарлардың орындалмауы саланы жаңғыртуға кедергі келтіріп отыр.

Отырыс қорытындысында сол кездегі Көлік министрі Марат Қарабаевқа қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағаны үшін сөгіс жарияланды. Бұл ескерту тікелей ҚТЖ басшысына емес, жалпы көлік саласының жұмысына қатысты жасалған.

2025 жылғы 8 қыркүйек: «Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды»

Қазақстан халқына Жолдауында Президент жолаушылар тасымалының сапасына арнайы тоқталды.

«Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылғанын айтып, жолаушыларға халықаралық стандартқа сай заманауи вагондар қажет екенін жеткізді. Осылайша, теміржолдағы қызмет сапасы мен жылжымалы құрамды жаңарту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілді.

2026 жылғы 10 ақпан: Президент ҚТЖ жоспарына күмән келтіргенін айтты

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол саласындағы жағдайға ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы елдің транзиттік әлеуетін толық пайдалану үшін нақты стратегия қажет екенін айтты. Оның сөзінше, теміржол инфрақұрылымының тозығы жеткен учаскелері әлі де көп.

Президент Үкіметтің биыл транзиттік тасымал көлемін 55 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарына қатысты ҚТЖ басшысының күмән білдіргенін атап өтті. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына қажетті шараларды қабылдап, цифрлық жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар жүк вагондарын бөлу тәртібін толық цифрландыру, барлық тасымалдаушыға тең мүмкіндік беру және теміржол тарифтерін реформалау міндеттері қойылды.

Президент теміржол инфрақұрылымын жаңғырту туралы жиі айтылғанымен, енді нақты нәтиже көрсету қажет екенін ескертті.

2026 жылғы 16 маусым: ҚТЖ жоспардан 30 пайыз қалып қойды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» компаниясының сол кездегі басшысы Талғат Алдыбергеновті сынға алды. Үкімет басшысының мәліметінше, транзиттік тасымал көлемі жоспарланған көрсеткіштен шамамен 30 пайызға төмен болған.

Атап айтқанда, жоспар бойынша 23 миллион тонна жүк тасымалдануға тиіс болса, іс жүзінде 16 миллион тонна ғана тасымалданған.

Премьер-министр компания басшылығынан белгіленген міндеттерді орындау үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

Ол жоспарлы көрсеткіштердің уақытылы орындалуы компания басшысының жеке жауапкершілігі екенін ескертті.

Айта кетсек, бұл сын Елжас Отыншиев ҚТЖ басшылығына келгенге дейін айтылған.

ҚТЖ-да басшылық та ауысты

2026 жылғы шілдеде ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына 20 шілдеде Елжас Отыншиев тағайындалды.

Жаңа басшы қызметіне кіріскен кезде компания алдында транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын жаңарту, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту және цифрландыруды аяқтау міндеттері тұрған.

Үкіметтің ресми дерегіне сәйкес, 2026 жылғы маусымда Қазақстандағы жолаушылар вагондары паркінің тозу деңгейі 36 пайыз, ал магистральдық локомотивтердің орташа тозуы 58 пайыз болған.

Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендегенімен, теміржол саласын жаңғырту мәселесі өзектілігін сақтап қалды.

Ұсталудан бір апта бұрын Үкімет басшысы «Самұрық-Қазынаны» да сынаған

2026 жылғы 4 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында қордың тоғыз айдағы жұмысы мен ірі инвестициялық жобалардың орындалуы талқыланды. Нұрлан Жақыпов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерінің бұзылғаны үшін қор мен еншілес компаниялардың басшылығын сынға алды.

Премьер-министр энергетика және газ өңдеу саласындағы стратегиялық нысандарды уақтылы пайдалануға беруді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетейік, Нұрлан Жақыпов басқарған «Самұрық-Қазына» қоры елдегі ірі стратегиялық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын қадағалап келген. Үкіметтің 2026 жылғы 4 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, қордың директорлар кеңесінің бақылауында жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жоба бар. Оның 44-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалар мұнай-газ, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларын қамтиды.

5 қарашада Нұрлан Жақыпов қор құрамындағы компаниялардың басшыларымен кеңес өткізіп, стратегиялық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды және құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырған. 

Қор қандай ауқымды қаржыны басқарады?

«Самұрық-Қазына» – Қазақстанның стратегиялық активтерін басқаратын ұлттық әл-ауқат қоры. Оның компаниялар тобына мұнай-газ, теміржол, энергетика, телекоммуникация және басқа да салалардағы ірі кәсіпорындар кіреді.

Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі 

2026 жылғы 9 қыркүйекте Нұрлан Жақыпов Президентке қордың қызметі жөнінде есеп берген болатын. Сол кезде биыл жалпы құны 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын аяқтау жоспарланғаны хабарланды. Бұдан бөлек, 2027–2029 жылдары энергетика, мұнай-газ, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында жалпы құны 21 триллион теңге болатын 38 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Осылайша, соңғы жылдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына қатысты басқару тиімділігі, сатып алулардың ашықтығы, әкімшілік шығындар, тасымал жоспарлары және стратегиялық жобалардың кешігуі мәселелері бірнеше мәрте көтерілді.

ҰҚК тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.