«Самұрық-Қазына» алыстағы ауылдарды дамытуға мән беріп келеді

1 желтоқсанда Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облысында «Табысты Отбасы» әлеуметтік жобасы бастау алған болатын. Бүгін бір айға жуық уақыт аралығында бес мамандықтың қыр-сырын үйренген алғашқы 114 қатысушы оқуын сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров және «Табысты Отбасы» жобасының амбассадоры Айжани Нұрланова Ақтөбе облысы Қобда ауылында алғашқы лектің кешенді оқуынан өткен қатысушылармен кездесіп, оларға сертификаттар табыстады. 

Мұндағы колледж бен ательеде «Автоэлектрик» және «Тігінші» бағыттары бойынша оқулар ұйымдастырылды. Қатысушылардың бірі – Әли ауылының тұрғыны Орынғали Хабдырахман. Автоэлектрик мамандығын меңгерген ол енді жеке шеберханасын ашуды көздеп отыр. 

Ал Қобда ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Баршагүл Бердібаева «Тігінші» оқуын таңдады. Ол да алған білімін жастармен бөлісіп, шағын тігін цехын ашуды қалайды. 

«Табысты отбасы» жобасы көпбалалы, аз қамтылған және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мүшелерін, жалғызбасты ата-аналарды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды оқытуға бағытталған. Олар тігін ісі, автоэлектрик, кондитерлік өнімдер, beauty саласы және әлеуметтік медиаменеджер сияқты бес бағыттың бірін таңдап, жан-жақты білім алады. Жобаның басым тұсы – белсенді қатысушыларға өз ісін ашу үшін қажетті жабдықтар еш өтеусіз беріледі. 

Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жүзеге асып отыр. Ел үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолға алуды дәстүрге айналдырған қор өңірлерді және алыс ауылдарды дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. 

Атап айтсақ, 2016 жылдан бері денсаулық сақтау, білім беру, өңірлерді өркендету, осал топ өкілдерін қолдау, бұқаралық спортты дамыту сынды маңызды салалар бойынша жалпы құны 66,7 млрд теңге болатын 304 жоба жүзеге асты. Олардың барысында 2,2 млн адам қамтылды. Осы жылдың өзінде 9,9 млрд теңгелік 42 жоба қолға алынып, оған 370 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында 95 мың ауыл тұрғыны мен 55 мың бала бар. Нәтижесінде 624 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау бағытында 3,9 млрд теңгеге 9 жоба, білім беру бойынша 1,2 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асты. Сол сияқты осал топтарды қолдауға бағытталған 13 жобаға 1,7 млрд теңге, мәдениет және спорт саласындағы 6 жобаға 355 млн теңге, өңірлерді кешенді дамытудағы 6 жобаға 2,8 млрд теңге жұмсалды. 

Қор компаниялары әлжауаз топтарды қолдауға айрықша мән береді. 2016-2022 жылдары іске асқан қайырымдылық шаралары аясында 55 жоба орындалды. Оған 3,8 млрд теңге бағытталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің сенім орталығы, 120 тегін оңалту курсы, осал топтардағы 300 адамға тегін кәсіби курстар, Даун синдромы бар балалар орталығы, ерекше қажеттіліктері бар 1100 балаға бейімделетін спорт секциялары ашылып, Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен 40-тан астам тұрғын үй қалпына келтірілді. Сонымен қатар, SOS балалар ауылдарында 1000 жетім балаға, 4000 еңбек және ҰОС ардагеріне, балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне үнемі қолдау көрсетіледі. Мүмкіндігі шектеулі 100 адам IT саласында оқудан өтіп, оларға арналған клубтың материалдық-техникалық базасы жаңарды. 

Инклюзивті білім де – қор тарапынан көп көңіл бөлінетін салалардың бірі. Сандарды сөйлетсек, соңғы алты жыл аралығында 9 психологиялық-педагогикалық түзету, 25 инклюзивтік білім беру кабинеті, 43 әмбебап инклюзивтік спорт алаңы, 706 ерекше балаға арналған спорт секциялары, инклюзивті ресурстық сынып, сенсорлық кабинет жұмысын бастап, мамандандырылған балалар лагері жабдықталып, 3 оңалту орталығы жабдықталу тұрғысынан жақсарды. 

Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру аясында мемлекеттік тілді насихаттау мен дамыту бағытындағы жұмыстар да басты орынға қойылады. 2016-2022 жылдары бұл бағытта 378,5 млн теңгеге 12 жоба мақұлданды. Атап айтсақ, 350 талантты баланы қолдау үшін «Қара сөздер» атты иллюстрациялық кітабының 5000 данасын шығару, экономика негіздері бойынша 400 оқу курсын ұйымдастыру, 107 жасөспірімге қазақ тілінде шешендік өнерден курс өткізу, «Мектеп online» порталында оқушыларға арналған 3885 бейне оқулық дайындау, қазақ тілін үйренуге және іс жүргізуге арналған, 40 мыңнан астам оқырманы бар «soyle.kz», «resmihat.kz» тегін порталдарын жүргізу, 20 жас жазушының еңбегін қазақ тіліндегі «Өркениет» журналында жариялау сынды ауқымды іс атқарылды. 

«Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын байқауға болады. Бұл - қордың елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуына қосқан елеулі үлесінің маңызды бөлігі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы