Салық кодексін бағалауға жарты жыл қажет – Әшімбаев
Сенат төрағасы динамиканы көріп, нақты трендтерді анықтау үшін кемінде жарты жыл қажет екенін айтты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Салық кодексіне өзгерістер енгізу қажеттігін бағалауға әлі ерте екенін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін кемінде жарты жыл бойы құқық қолдану тәжірибесін талдау қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Салық кодексі күшіне енді. Әртүрлі бағалар бар. Дегенмен Үкіметтің айтуынша, бюджет кірістері өсіп жатыр. Тиісті лауазымды тұлғалар бюджет толығып жатқанын, қазіргі таңда республикалық та, жергілікті бюджеттерде де тапшылық жоқ екенін айтып отыр. Сондықтан бұл мәселеде менің ұстанымым белгілі, бірқатар нормаларға қатысты оны ашық айттым. Бірақ біз бұл нормалардың іске асырылуын үш айдың қорытындысымен емес, кемінде жарты жыл немесе одан да ұзақ кезеңнің нәтижесі бойынша бағалауымыз керек деп ойлаймын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол кодексті қабылдауға өзі де қатысқанын ескеріп, небәрі үш ай өткен соң оның нормаларына сын айту орынсыз екенін атап өтті.
Сондықтан менің ойымша, динамиканы көріп, нақты трендтерді анықтау үшін кемінде жарты жыл қажет. Яғни бизнес жағдайы қандай, қанша салық жиналып жатыр, бұл өзгерістер шағын, орта және микробизнеске қалай әсер етті – соның бәрін саралау керек. Осыдан кейін ғана бұл мәселеге қайта оралуға болады. Кемінде тағы бірнеше ай уақыт қажет, содан кейін ғана жартыжылдық қорытынды бойынша шешім қабылдаған дұрыс, – деп түйіндеді Сенат төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін Әшімбаев өрт кезінде жолды бөгеген көлік мәселесіне қатысты пікір білдірді.