28 Қазан 2026, 14:37 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Салық кодексі киелі кітап емес»: Депутат шағын бизнеске мораторий енгізу бастамасын қолдады

Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов шағын және микро бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2020-2023 жылдардағы мораторий тәжірибесін ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге тағы үш жылға мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынған болатын.

Олжас Нұралдиновтің айтуынша, бұл мәселе бірнеше апта бұрын Құрылтайда да көтерілген.

Бүгін Президент өте ауқымды әрі маңызды мәселелер қозғады. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана Құрылтайда осы мәселені көтерген болатынбыз. Енді бұл тақырыпты Президент өзі айтқаннан кейін нақты күшіне енетініне сенеміз, – деді депутат.

Оның сөзінше, жаңа Салық кодексінің талаптарына алдымен шағын және орта бизнес өкілдері бейімделуі керек. Себебі ірі компаниялардың есебін жүргізетін мамандары мен заңгерлері бар, ал шағын кәсіпкерлер үшін жаңа талаптарды меңгеру қиынырақ болуы мүмкін.

Депутат Қазақстанның Салық кодексі күрделі екенін айтып, құжатты жеңілдету қажеттігіне тоқталды.

Салық кодексін жеңілдетіп, оны халық дұрыс қабылдауы үшін мораторий енгізілгені дұрыс. Тағы бір маңызды мәселенің бірі – Салық кодексін қайтадан қарау. “Салық кодексі киелі кітап емес” екенін Президент айтқан болатын. Сондықтан оның тиімді тұсын қалдырып, теріс тұсын қайтадан талқылауға мүмкіндік беріліп жатыр, – деп түсіндірді Олжас Нұралдинов.

Депутаттың айтуынша, ендігі міндет – жыл соңына дейін депутаттар мен Үкіметтің ұсыныстарын ескеріп, кәсіпкерлер мен халыққа тиімді құжат әзірлеу.