Бүгiн 2026, 10:36 Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Сағатына 100 мың хабарлама таратқан: Beeline мен Halyk атынан SMS тұзағын құрған алаяқтар ұсталды

Қазақстанда азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Қазақстанда азаматтардың деректері мен ақшасын ұрлаған қылмыстық топ әшкереленді. Олар SMS-бластер арқылы жалған хабарламаларды жаппай таратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, арнайы операция Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының үйлестіруімен және «TELE2» ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен жүргізілген. Айта кетерлігі, ТМД аумағында мұндай алаяқтық схеманың жолы алғаш рет тоқтатылып отыр.

Тергеу барысында күдіктілердің SMS-бластер деп аталатын арнайы құрылғыны пайдаланғаны анықталған. Бұл құрылғы ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын имитациялап, 300 метр радиуста қуатты сигнал таратады. Соның нәтижесінде пайдаланушылардың телефондары автоматты түрде жалған әрі қорғанысы әлсіз желіге қосылып отырған, - деп хабарлады ведомство.

Осы тәсіл арқылы абоненттердің телефондарына жаппай жалған SMS-хабарламалар жіберілген. Құрылғы сағатына 100 мыңға дейін хабарлама тарата алады және байланыс операторларының қорғаныс жүйелерін айналып өтеді.

Қылмыстық топ өз әрекетін жасыру және ауқымын кеңейту үшін жабдықты автокөліктерге орнатып, қозғалыс кезінде пайдаланған. Әсіресе адамдар көп жиналатын орындар – базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарының маңы таңдалған.

Алаяқтар хабарламаларды «Beeline» және «Halyk Bank» атынан жіберілгендей етіп көрсеткен. Онда бонустарды айырбастау ұсынылып, арнайы сілтемеге өту сұралған. Сілтемеге өткен азаматтар фишингтік сайттарға түсіп, жеке деректерін – аты-жөні, телефон нөмірі, банк картасының деректемелері, CVV-код және SMS арқылы келген растау кодтарын енгізген, - делінген ҚМА хабарламасында.

Осының нәтижесінде күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен қаржысын иемденген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топ схеманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде әшкереленіп, ұсталды. Бұл көптеген азаматтардың алдануы мен ірі қаржылық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берген.

Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттарда жеке және банктік деректерді енгізбеу, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет. Сондай-ақ банк қызметкерлері мен байланыс операторлары ешқашан SMS немесе бөгде сілтемелер арқылы құпия деректерді сұрамайтынын еске салады.

Еске сала кетейік, Алматыда 200-ден астам адамды алдаған қаржы пирамидасы анықталды. Жобаға қатысу үшін құны 11 000-нан 160 000 теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу ұсынылған.