29 Қыркүйек 2026, 20:38 Фото: pexels.com

Сәби тұншығып қайтыс болды: Баласын емізіп отырып ұйықтап қалған әйел сотталды

Ақмола облысының Ақкөл ауданында анасы баласын емізіп отырып ұйықтап қалған. Оянғанда сәби өмір белгілерін көрсетпеген. Сот әйелге қатысты үкім шығарды.

Ақмола облысының Ақкөл аудандық соты абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін Л.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Сот әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бұл туралы Ақкөл аудандық соты хабарлады.

Сотта анықталғандай, Л. қонақта алкогольдік ішімдік ішіп, кейін үйіне мас күйінде келген. Түнде ол баласын емізіп отырып ұйықтап қалған.

Оянған кезде әйел баласының өмір белгілерін көрсетпей жатқанын байқаған. Шақырту бойынша келген жедел жәрдем қызметкерлері баланың тұншығудан қайтыс болғанын растаған.

Аталған факті бойынша Л.-ға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігімен («Абайсызда қазаға ұшырату») қылмыстық іс қаралды. Іс сотқа кінәні мойындау туралы жасалған процестік келісіммен түскен. Сот отырысында прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған, - делінген Ақкөл аудандық сотының хабарламасында.

Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша абайсызда қазаға ұшыратқаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жаза тағайындау кезінде сот Л.-ның жасаған ісіне шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмысты алкогольдік масаң күйде жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот үкімімен Л.-ға 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, оған пробациялық бақылау белгіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: Астанада бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген әйелдің ісі: Төрт экс-полицей қамауға алынды 

«Біреу өлді екен деп…» – Аза тұту күнінде халықтың ашуына тиген сөз айтып, билеген блогер қамалды