Ром Әуесхан: Ұлттық спортты дамытуда Қазақстанға қарап көш түзейміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Алматыда Жастар жылы аясында Ұлттық ат спортынан Жастар арасында тұңғыш Азия чемпионаты өткен болатын. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған сайысқа Моңғолия Республикасы Баян-Өлгий аймағынан да спортшылар келген еді. Жастарды бастап келген Баян-Өлгий аймағы Қазақ ұлттық спорт түрлері федерациясының басшысы Ром Әуесханнан сол елдегі ұлттық спортымыздың жай-күйі жайлы сұраған едік.

- Ром Әуесханұлы, Қазақстанға қош келіпсіз! Әуелгі сұрақ, Өлгейдегі қазақ ұлттық спортының барысы қалай?

- Моңғолия халқын құрайтын негізгі екі ұлт бар. Бірі – моңғол ұлты болса, екіншісі, біз – қазақ ұлтымыз. Моңғол халқы да көшпенді өмірді сақтап отырған негізгі халық. Тіпті, қазіргі таңда көшпенділік салтты ұстанып, оны дәріптеп, жалпы халықтың 50-60%-ы әлі де көшпенді өмір сүріп отырған бірден-бір ел. «Халқың қалай болса, бөркің солай» дегендей, сол елді мекендеп отырған ат төбеліндей азғана қазақ та, өзінің ата-бабадан келе жатқан салтын сақтап, көшпенді өмірден қол үзбей, ұлттық тілін, ділін, салт-дәстүрін жоғалтпай келеді.

Ал осындай ортада отырғандықтан, ұлттық спортты кешегі бабаларымыздан мұраға алып, келер ұрпаққа аманаттау біздің парызымыз. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату спорттарын моңғол ағайындармен бірлесе отырып, дамытып келеміз. Әрине, бұл спорттар қазақ ұлтының ұлттық спорты болып саналатыны анық. Дейтұрғанмен, аталған спорттардан бөлек, асық ату, тоғызқұмалақ, саятшылық және қазақ күресі қатарлы қазақтың ұлттық спорты Моңғолияда жақсы дамып келеді.

Ұлттық спортымыздың Моңғолиядағы аз қазақтың ортасында дамуына сол елдегі осы салаға жауапты мекемелердің, мемлекеттің қолдауымен қатар, 2013 жылдан бері Қазақ елінің де қолдауы, ықпалы зор екенін айта кеткен жөн. Мысалы, Қазақстанда ұйымдастырылатын халықаралық сайыстарға, Азия чемпионаттары, Әлем чемпионаттары Баян-Өлгийде қазақ ұлттық спортының қалыптасып, бір ізге түсуіне айрықша ықпал етті. Соның нәтижесінде Өлгийде ұлттық спорт қауымдастығының өз командалары құрылып, халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді.

- Баян-Өлгийде қанша көкпар командасы бар?

- Бұған дейін Моңғолия қазақтары көкпарды команда болып ойнап көрмеген. 2013 жылы Қазақ елінің елордасында өткен алғашқы Азия чемпионатына (ересектер арасында – ред.) шақыру алғаннан кейін, біз өз аймағымызда команда құрып, командалық көкпарды қолға ала бастадық. Алғаш рет елімізде жыл сайын өтетін Бүркітшілер фестивалі аясында командалық көкпарды өткізіп көрдік. Осыдан бастап, жалпы көкпарға қызығушылығы бар аудандардан іріктеп, 5 команда құрғанбыз. Сол командалар арасында аймақтық біріншілік өткіздік. Бұл – бұған дейін Моңғолия қазақтарының арасында көкпар ойыны болмады деген сөз емес. Ата-бабаларымыз Қобда бетінде жаппай көкпарды да, жекпе-жек көкпарды да шеберлікпен ойнай білді. Әсіресе үлкен-үлкен тойларда жекпе-жек көкпар мықты дамығанын айта кеткен жөн.

Әрине, әр заманның өз ерекшелігі бар. Қазір барлығы жүйеленген. Барлығы ереже бойынша командалық көкпардың даму қарқыны жақсы. Сондықтан біз де, өз кезегімізде командалық көкпарды дамытуға бейімделіп келеміз. Оның бір көрінісі 2017 жылы ЭКСПО аясында Қазақстан астанасында өткен алғашқы Әлем чемпионатына қатыстық. Жақында өткен Жастар арасындағы алғашқы Азия біріншілігіне бақ сынадық. Алла бұйырса, қарашада Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өтетін ІІ Әлем чемпионатына қатысамыз деп жоспарлап отырмыз.

- Моңғолиядағы қазақ ұлттық спорты түрлеріне жеке-жеке тоқталып кетсеңіз...

- Аударыспақ бұған дейін бізде болмаған, Қазақ елінде өтетін сайыстарды көріп, үйрену арқылы қазір жақсы жолға қойылып келеді. Бірнеше рет аймақтық сайыс өткіздік. Әрине, ел чемпионатын өткізу үшін әуелі халықтың кемінде 20-30%-ы осы спортпен айналысуы керек, жаппай сипат алу керек. Біз бұл деңгейге әзір жеткен жоқпыз, ережелерді қалыптастырып, ойыншыларымызды дайындап жатырмыз. Әуелі аудандық деңгейде, сосын барып аймақ деңгейінде біріншілік өткізіп жүрміз.

Осы азын-аулақ тәжірибемізбен халықаралық, әлемдік турнирлерде бақ сынап келеміз. Әзірге нәтижеміз де жаман емес, Қазақ елінің спортшыларынан кейінгі Қырғыз құрамасымен үзеңгі қағыстырып жүрміз.

Ал теңге ілу спортына келер болсақ. Біз үшін ежелден бері келе жатқан, етене таныс ойын түрі деуге болады. Алайда, Моңғолия қазақтары үшін бұл спорттық дәрежеге көтерілген емес. Олай дейтінім, қазіргі Қазақ елінің спортшылары секілді тұрақты айналысқан ешкім жоқ. Бар болғаны, той-томалақта халықтың көңіл көтеріп, жас жігіттерді сыналтатын бәсекесі ретінде ғана танылып келді.

Соңғы бірнеше жылдан бері Қазақ еліндегі Теңге ілу сайысының ережесін қабылдап, өзімізде де дамытуды қолға алып келеміз. Соның нәтижесінде халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Атап айтар болсақ, бүгінге дейін үш рет Азия чемпионатына қатыстық. Алғашқысында 3-орында болсақ, екіншісі өткен жылы Астанада өтті, онда төртінші орынды тұттық. Жақында ғана Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында екі спортшымыз жүлделі орыннан көрінді.

- Әр спорт түріне жеке-жеке спортшы дайындайсыздар ма?

- Мүмкіндігінше солай істеуге тырысамыз. Бірақ, жігіттің, спортшының саны жеткенімен, қаржы мәселесі де бар. Сондықтан, теңге ілуге көкпаршыларымыз қатыса береді. Бұл әзірге біз үшін тиімді болып тұр. Себебі бірнеше спорт түріне бір спортшы ғана қатысады.

- Жамбы ату спорты да жақсы дамыған болар сіздерде? Моңғол ағайындардың бұл спорт түрін жақсы дәріптейтінін білеміз...

(Ром Әуесхан Алматыда өткен Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатына әкелген жамбы ату мергендерімен бірге)

- Иә, оның рас. Жамбы ату спорты - моңғол халқының ежелден келе жатқан спортының бірі. Бұның бізге де ықпалы тимей жатқан жоқ. Жергілікті жердегі және Ұланбатырдағы Моңғолия ат үстінде садақ ату федерациясымен бірлесе отырып, жамбы атуды бір жолға қойдық деуге болады. Соның нәтижесінде Жамбы ату спортындағы құрамды толықтай ұлты моңғол азаматтардан жасақтадық. Сол құраммен қазіргі кезде түрлі сайыстарға қатысып келеміз. Осы жолғы Жастар чемпионатына да моңғол жастарын алып келдік. Бір спортшымыз қола жүлдеге ие болды.

- Қазақ ұлттық спорты мемлекеттік деңгеймен алғанда Моңғолия үшін этностық қана спорт болып саналады ғой. Дегенмен, Моңғолия Үкіметінің қолдауы қалай?

- Қайда барсаңыз да демеушіліксіз, қолдаусыз спорт дамымайды. Сол секілді кез келген елдегі қандай спорт түрі болмасын мемлекеттің ықпалынсыз нәтиже бермейді. Әрине, біз ғана емес, Моңғолияның өз ұлттық спорттары да бар. Мысалы, бәйге, садақ ату, моңғол күресі, асық ату, түйе поло, т.б. дегендей. Бұл спорттар Моңғолияда өз федерациясы құрылған, азды-көпті өз көрермені бар, жолға қойылған. Сол секілді, қазақ ұлттық спорты – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалаққа да мемлекет көңіл аудара бастады. Себебі, халықаралық жарыстарда, Азия чемпионаттарында, Әлем біріншіліктерінде, еларалық турнирлерде біз Моңғолия атынан қатысып, сол елдің туын көтеріп, әнұранын шырқатып, жүлделі орындарға ие болып, елдің жақсы имиджіне жұмыс атқара бастадық. Осыны ескерген Моңғолияның Білім, мәдениет және спорт министрлігінің, спорттық агенттіктердің қазақтың ұлттық спортына деген жақсы көзқарас қалыптасып келеді.

- Алдағы жазда аударыспақтан чемпионат өткізгелі жатқандарыңызды естідік, дайындық қалай болып жатыр?

- Биылғы жазда аударыспақтан Азия чемпионатын өткізгіміз келген. Өзің білетіндей, өткен жылғы чемпионат Қазақстанда өткен болатын. Негізінде ол Қазақстанда емес, Баян-Өлгейде, Моңғолияда өтуі керек еді. Өкінішке қарай, жазда табиғи жағдайға байланысты шегерілді. (Өткен жазда Баян-Өлгийде нөсер жаңбыр салдарынан сел түсіп, 800-ге жуық отбасы зардап шеккен болатын - ред.) Алла бұйырса, биыл өткіземіз бе деп отырмыз.

Негізі халықаралық дәрежедегі, көлемді сайыс болады деп отырмыз. Ал нақты уақытқа келер болсақ, шілде айында өтеді деп жоспарлануда. Сайыс Баян-Өлгий аймағына қарасты Сақсай деген аудан бар, биыл сол ауданның 60 жылдық мерейтойы, сол той аясында жүріледі. Қазіргі кезде осы сайыстың келісімшарттары, Үкімет тарапынан рұқсат алу, демеушілер мен қатысуға үміткер мемлекеттірді тізімдеп, хабарландыру беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Чемпионатты неге Сақсай ауданында өткізуді жоспарладыңыздар? Баян-Өлгийдің өзінде өткізуге болмас па еді?

- Біріншіден, жаңа айтып өткенімдей, ауданның 60 жылдығы, мерекеге мереке сай келді. Екіншіден, біздегі ұлттық спортқа, ұлттық құндылыққа көбірек бейім аудан осы – Сақсай. Сонымен қатар, жақында Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында аударыспақтан 80 келіден жоғары салмақта алтын алған абсолютті чемпион Жеңісбек Серікұлы да сол Сақсайдың тумасы. Сондықтан да біз бұл жолғы Азия чемпионатын Сақсайда өткізуді ұйғарып отырмыз.

(Аударыспақтан 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанған Жеңісбек Серікұлы)

- Бұған дейін көкпардан Азия біріншіліктеріне, алғашқы Әлем чемпионатына келдіңіздер. Алдағы күзде Ташкентте ІІ Әлем чемпионаты өтеді. Қатысу ойда бар ма?

- Әрине, Алла бұйырса, қатысамыз. Жақсы дайындықпен барып, бағымызды сынап көрмекпіз. Одан басқа да бірнеше жарыс жоспарда бар. Дайындық демекші, осы орайда бір айта кетер жайт бар. Ол – құрамадағы жігіттердің көбі жаз жайлауға шығып кетеді, күзде шөп-шалаң, көші-қон, қора-қопсының жөндеуі деген секілді, күнделікті тіршіліктен қолдары босамай қалады да, командалық құраммен дайындалу ақсаңқырап қалады. Сол тірліктің ортасында, қол қалт еткенде көкпардың, аударыспақтың жігіттері дайындық жасайды.

- Көкпар ойынында ат мәселесін қалай шешіп жүрсіздер? Моңғол жылқысы аласа, Қазақстанда ат бойшаң. Аласа атпен үйренген азаматтар, қазақтың тұрқы биік жылқысына үйренісе алмай қалмай ма?

- Орынды сұрақ. Басқа елдерде көкпарға, аударыспаққа, теңге ілуге деп жеке-жеке ат дайындап, баптайды. Біз командалық көкпар ойнасақ та, көкпар аты деп жеке ат ұстамаймыз. Оған мүмкіндік те жоқ және аймақтық Ұлттық спорт қауымдастығы да ондай ат бере алмайды. Әр ойыншы өз атымен ойнайды.

Әрине, биік ат пен аласа жылқының айырмашылығы бар. Соған қарамастан, епті көкпаршылар ат бойының айырмашылығын елең қылмайды.

Сонымен қатар, командалық көкпардағы тағы бір кедергі – ат әбзелдері. Әрине, күнделікті қолданатын әбзелдер жеткілікті. Бірақ ол көкпар секілді үлкен додаларға келмейді. Көкпар ерін жасайтын шебер жоқ. Ершілер көп, бірақ көкпар ерінің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Ол атқа да, адамға да қауіпсіз, атқа тимейтін, тақымға батпайтындай етіп жасайтын ерші жоқ.

- Әңгімені Жастар арасында өткен тұңғыш Азия чемпионатына бұрсақ. Өзіңіз алып келген жастардың ойынына көңіліңіз толды ма?

- Біз Б тобында Ресей, Қытай, Тәжікстан қатарлы көкпарда өзіндік орны бар елдермен қатар түстік. Алғашқы ойынды Тәжікстан жастарымен өткіздік. Оңай қарсылас емес. Тәжікстан - жаппай көкпар жақсы дамыған ел. Соған қарамастан Құдай сәтін салып, 2:0 есебімен ұттық. Дегенмен жігіттер жақсы ойын көрсете алмады. Оған жаңбыр – ауа райының қолайсыздығы себеп болды.

Топтық кезеңдегі екінші қарсыласымыз – Қытай құрамасы болды. Онда да өзіміз секілді, Қытайда тұратын қазақ жастары. Көкпар ежелден тамыры үзілмеген ол жақта. Өзіңіз жақсы білетіндей, бұған дейін олар серкені «гарга» деп аталатын баскетболдың торы секілді аспаға салатын. Соңғы бірнеше жылдан бері олар да шеңберге ойнай бастады. Содан бері олардың да серкені алып жүруі, 20-25 келі серкені жерден іліп алу, жекпе-жекте сайысу барлығы да жақсы дамып келеді. Әрине, сайыста біреу жеңіп, біреу жеңілетіні заңдылық. Қытай құрамасымен ойынымыз 5:3 болып біздің жеңісімізбен аяқталды.

Ресей құрамасы да, біз үшін үзеңгілес командалардың бірі. Топтық кезеңде біздің команданың финалға шығуына осы Ресейден келген команданы жеңуіміз себеп болды. Мұнда да есепті біздің жігіттер 5:3-ке жеткізді. Әрине, көрші мемлекеттер болған соң бұған дейін де бірнеше рет кездескен командалар. Өз сырларын өздері біледі, кімнің қай деңгейде ойнайтынына да сыралғы болып қалған.

(Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Моңғолия құрама командасын Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Билал Ердоғанның марапаттау сәті)

Ал енді Жастар арасындағы тұңғыш чемпионатта күміс жүлдеге ие болу біз үшін үлкен мәртебе. Және финалда көкпардағы азулы қарсылас - Қазақстан құрамасымен кездесу, есепті 8:4-ке жеткізу – біздің жастарға жеңіспен тең.

- Сөз соңында бір сұрақ қояйын. Біздің естуімізше, Моңғолияда бір жақсы дәстүр бар. Яғни, бір мықты спортшыны немесе бір жүйрік атты бір компания өз қарамағына алып, соның жарысқа қатысуына жағдай жасайды. Баян-Өлгейдегі қалталы, ықпалды азаматтар мұндай мәрттік танытып, біреу бір спорт түрін өз қарамағына алып, жағдайын жасап беруге мүмкіндігі бар ғой?..

- Иә, рас айтасың, моңғол халқында сондай бір жақсы дәстүр бар. Бұл үрдіс жайлап Баян-Өлгейге де келіп жатыр. Әзірге қалталы азаматтарымыз бәйге аттарына жағдай жасауды қолға алып келеді. Дегенмен, ұлттық спортымызға, көкпар мен аударыспаққа, теңге ілу мен жамбы ату, тоғызқұмалақ пен асық атуға қол ұшын созатын азаматтар саны әлі де кемшін. Ұлттың рухын, халықтың еңсесін көтеретін ұлттық дүниетанымымызға жақын спорт түрлерін көптеп қолдайтын, бірлесе жұмыс істейтін жігіттерге әлі де зәруміз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы