Бүгiн 2026, 18:20 Фото: видеодан скриншот

Рөлде ешкім жоқ: Астанада жүргізушісіз қозғалған көлік жол апатын тудырды

Астанада жүргізушісі жоқ көлік апатқа себеп болды.

Астанада Daewoo Matiz маркалы автокөлігінің қатысуымен ерекше жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан көрінгендей, көлік тізгінінде ешкім болмаған.

Кадрларда автокөліктің жүргізушісіз-ақ өздігінен қозғалып, жаяу жүргіншілер өткелін кесіп өткені анық байқалады. Соқтығыстан кейін де машина тоқтамай, инерция күшімен әрі қарай жүре берген.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда. Мамандар мұндай жағдай көліктің техникалық ақауынан немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан (мысалы, қол тежегішін тартпау немесе автоталдыру жүйесіндегі қателік) болуы мүмкін екенін алға тартуда.

Ресми жауап күтілуде. BAQ.KZ редакциясы аталған оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін Астана қаласының Полиция департаментіне ресми сұрау жолдады. Әзірге құзырлы органдардан жауап келген жоқ.

Оқиға желі қолданушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Оқырман қауым бұл жағдайды «елес-көлікке» теңеп, түрлі болжамдар мен пікірлер қалдыруда.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жерасты туннелінде жеңіл көлік аударылып қалған болатын. 

Сондай-ақ, Ақтөбеде жантүршігерлік жол апаты болып, 5 адам қаза тапты.