26 Тамыз 2026, 10:34 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Роботтар оқушыға не үйрете алады? Робот мұғалімнің көмекшісіне айнала ма?

Робототехника ауыл мектептеріне де енгізіліп жатыр.

Қазақстан мектептерінде робототехника, STEM және жасанды интеллект бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір білім беру ұйымдарына шағын LEGO Education жиынтықтарынан бастап, заманауи робототехникалық кешендер мен гуманоид роботтарға дейінгі технологиялық шешімдер енгізілуде. Бұл бағытта Kerneu Group компаниясы білім беру кеңістіктерін кешенді технологиялық жабдықтаумен айналысады.

Компанияның жоба менеджері Алишер Гумаров BAQ.KZ тілшісіне жобаның ерекшелігі жөнінде айтып берді.

Оның сөзінше, негізгі мақсат – оқушыларға заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік беру, олардың инженерлік, техникалық, шығармашылық және коммуникациялық дағдыларын дамыту.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Біз мектептерге кішкентай LEGO жиынтықтарынан бастап, үлкен гуманоид роботтарға дейінгі жабдықтарды енгізіп жатырмыз. Қазір бұл технологияларды ауыл мектептеріне де енгізіп жатырмыз. Оқушыларға жаңа мүмкіндіктер бергіміз келеді, – деді Алишер Гумаров.

Компания ұсынатын шешімдер тек робототехникамен шектелмейді. Білім беру кеңістіктерін толық жабдықтау аясында LEGO Education және FIRST жиынтықтары, робототехникалық кешендер, цифрлық өндіріс жабдықтары, зертханалық және инженерлік құралдар, сондай-ақ шеберханалар мен FABLAB үшін қажетті технологиялар қарастырылған.

Сонымен қатар Unitree, Booster секілді заманауи робототехникалық кешендер, 3D-принтерлер, станоктар мен цифрлық өндіріс технологиялары, зертханалық және инженерлік жабдықтар бар.

Білім беру кеңістігін STEM-сынып, робототехникалық зертхана, физикалық, химиялық немесе биологиялық зертхана, FABLAB, инженерлік немесе еңбек шеберханасы, сондай-ақ қыш шеберханасы форматында ұйымдастыруға болады. Бұдан бөлек, Unitree, Booster сияқты роботтар, 3D-принтерлер, робототехникалық жиынтықтар және басқа да технологиялық жабдықтар жеке шешім ретінде ұсынылады.

LEGO Education бағытындағы оқу шешімдері оқушылардың жас ерекшелігіне қарай да бөлінген. Бастауыш мектеп оқушыларына арналған K-2 деңгейі 5-10 жастағы балаларды, 3-5 деңгейі 8-16 жастағы орта мектеп оқушыларын, ал 5-8 деңгейі 12-18 жастағы жоғары сынып оқушыларын қамтиды. Бағдарлама ойыннан алгоритмдерге дейінгі оқыту тәсілін қарастырады.

Сонымен бірге мұғалімдерге арналған арнайы онлайн-портал бар. Онда сабақ жоспарлары, әдістемелік материалдар, бейненұсқаулықтар және бағалау құралдары бір кеңістікте ұсынылады. Компания информатика мен жасанды интеллект бағыттары бойынша 30 сабақтан тұратын кешенді LEGO Education шешімдерін де ұсынады.

Алишер Гумаровтың айтуынша, компания Қазақстанда робототехника бойынша жарыстар ұйымдастырып келеді. Әлемдік деңгейдегі турнирлердің бірі АҚШ-тың Техас штатында өтіп жүр. Қазақстандық оқушылар мұндай халықаралық жарыстарға алты жылдан бері қатысып келеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Біздің оқушылар алты жыл бойы сол жарыстарға қатысып келеді. Сол бағдарлама арқылы оқушыларымыз топ университеттерге түсіп жатыр, болашақ мамандығына қажетті білім алып жатыр. Сонымен қатар оқушылардың инженерлік дағдыларын, моторикасын дамытуға жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.

Қазір бұл бағдарлама шамамен 150 жайлы мектепке енгізілген. Осы мектептерде арнайы кабинеттер жасақталып, қажетті жабдықтар орнатылып жатыр.

Бағдарламаны жоғары оқу орындары да пайдаланады. Атап айтқанда, Назарбаев Университеті, SDU университеті және KIMEP университетінде компанияның жабдықтарын пайдалануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар технологиялық шешімдер өңірлердегі ауыл мектептеріне және жекеменшік білім беру ұйымдарына да енгізіліп жатыр.

Оқушылардың ең алдымен инженерлік дағдыларын дамытқымыз келеді. Сонымен бірге коммуникациялық дағдыларын да жетілдіруге мүмкіндік береміз, – деді жоба менеджері.

Оның айтуынша, оқушылардың халықаралық жарыстардағы жетістіктері де аз емес.

Төрт мәрте чемпион атанған оқушыларымыз бар. Бұл – біздің қазақстандық оқушылардың осы бағдарлама арқылы жеткен нәтижелерінің бірі, – деді Алишер Гумаров.

Робототехникамен қатар, оқушыларға жасанды интеллект құралдарын меңгертуге де басымдық беріліп отыр. Компания өкілінің айтуынша, жасанды интеллектіні әртүрлі оқу бағытында пайдалануға болады.

Көп нәрсені осы бағдарлама арқылы жасанды интеллект көмегімен үйретуге болады. Оның ішінде балалардың спорттық дағдыларын дамытуға, білім алу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бар. Арнайы бағдарламалар арқылы жасанды интеллектіні оқыту процесіне енгізуге болады. Оны мұғалім ретінде де қолдануға болады. Математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері де пайдалана алады, – деді ол.

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан оқушыларына жаңа мүмкіндіктер беру. Соның ішінде шетелде білім алуына, халықаралық жарыстарға қатысуына, әлемдік тәжірибені көруіне және өз қабілеттерін халықаралық деңгейде көрсетуіне жағдай жасау көзделіп отыр.

Біздің ең басты мақсатымыз – Қазақстанның оқушыларына мүмкіндік беру. Шетелде білім алуға, шетелді көріп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашу. Бұл тек қалалық мектептердің оқушыларына ғана қатысты болмауы керек. Қазір ең басты мақсатымыз – осы бағдарламаны ауылдық мектептерге де енгізу, – деді Алишер Гумаров.

Қазір жоба Түркістан облысында, Алматы облысында, Ақмола облысында, Павлодар облысында және Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе Қарағанды облысында көптеген оқушы робототехникамен айналысады.

Биыл Түркістан облысында бір командамыз ауыл мектебінен шықты. Олар чемпион атанды. Сондықтан біз оқушыларды қалалық және ауылдық деп бөліп қарай алмаймыз. Қалада мүмкіндіктер көбірек болуы мүмкін, мектептер де көбірек. Бірақ қазір ауылдарға да бағдарламаны енгізумен айналысып жатырмыз, – деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстандағы робототехника жарыстарындағы бәсекелестік те жоғары.

Қазақстандық турнирлердегі бәсекелестік Америкада өтетін әлемдік жарыстардан кем емес. Қазақстандық оқушылар қазіргі кезде өте мықты нәтижелер көрсетіп жүр. Бізде Қазақстан бойынша жарыстарға 7 мыңға жуық оқушы қатысады. Қазір осы бағытты масштабтаумен айналысып жатырмыз, – деді жоба менеджері.

Ол қазақстандық оқушылардың ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да өздерін көрсетуіне мүмкіндік жасау маңызды екенін атап өтті.

Қазақстандық оқушылар Қазақстанда да, әлемдік аренада да өздерін көрсете алуы керек. Өкінішке қарай, мен оқыған кезде мектептерде мұндай жарыстар көп болған жоқ. Қазір, 2019 жылдан бері, осындай жарыстар қатты дамып, көбейіп келеді, – деді Алишер Гумаров.

Ол болашақта қазақстандық роботтар да кеше Қытайда өткен жүгіру жарысына болашақта қатыса алатынын айтты.

Осылайша, робототехника мен STEM бағытындағы жобалар тек қалалық мектептерде ғана емес, ауылдық жерлерде де қолжетімді бола бастады. Заманауи роботтар, LEGO Education жиынтықтары, зертханалық жабдықтар, 3D-принтерлер мен цифрлық өндіріс құралдары оқушыларға теориялық біліммен қатар, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.