Робот пен адам бір алаңда: «Болашақ ойындарының» ашылуынан фоторепортаж
Астанада «Болашақ ойындары – 2026» басталды. «Барыс Аренадағы» ерекше атмосфераны бірге сезінейік.
Бүгін Астана әлем назарын өзіне аударды. Елордадағы «Барыс Аренада» «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылу салтанаты өтіп жатыр. Спорт, цифрлық технология және шоу-индустрия тоғысқан ауқымды шараға мыңдаған көрермен жиналды.
BAQ.kz тілшілері «Болашақ ойындарының» ашылуынан фоторепортаж ұсынады.
Арена есігі ашылған сәттен-ақ қонақтарды ерекше атмосфера қарсы алды.
Ойындардың серіктестері дайындаған интерактивті аймақтар мен заманауи цифрлық технологиялар көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Келушілер жаңа технологиялармен танысып, түрлі ойындарға қатысып, фиджитал әлемінің мүмкіндіктерін өз көздерімен көрді.
Салтанатты рәсім басталар алдында аренада концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сахнада танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Әуен, жарық эффектілері мен лазерлік шоу аренаны ерекше көңіл күйге бөледі.
Көрермендердің ерекше ықыласына ие болған көріністердің бірі – роботтардың футбол алаңында қақпаға гол соғуы болды. Бұл көрініс фиджитал спорттың негізгі идеясын – технология мен дәстүрлі спорттың үйлесімін айқын көрсетті.
«Барыс Аренада» бүгін спортшылар, халықаралық делегациялар, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлер бір алаңда бас қосты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар үшін бұл тек спорттық дода ғана емес, болашақ технологиялары мен жаңа спорт мәдениетін тоғыстырған ерекше мереке болды.
«Болашақ ойындары – 2026» 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Осы уақыт ішінде Астана фиджитал спорттың әлемдік орталығына айналып, жанкүйерлерді тартысты жарыстар мен жарқын шоуға куә етеді.
Еске салсақ, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында елордаға келген Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринескуді Астана халықаралық әуежайынан қарсы алды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылуында сөз сөйлейтіні хабарланды.
Бүгін Астанада жаңа буын спортын дамытуға арналған «Болашақ ойындары – 2026» Дүниежүзілік фиджитал саммиті басталды.