Ринат Зайыт мұғалімдердің мәселесін Мәжілісте көтерді
Депутаттар тиімді педагогикалық тәсілдерді оқу бағдарламасына жедел енгізу тетігін қарастыруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовқа жекелеген ұстаздардың авторлық әдістемелерін білім беру жүйесіне енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, оқу бағдарламасы мен оқулықтарға қатысты проблемалар әлі де өзекті. Ол нақты мысал ретінде мұғалім Алмахан Мұхаммедқалиқызының Абай шығармаларын балаларға үйретудің тиімді әдістемесін атап өтті. Бұл тәсіл қазір кейбір мектептерде қолданылып жатқанымен, оны кеңінен енгізу үшін жүйелі тетік жоқ.
Осындай сәтті әдістемелерді әзірлеген ұстаздар министрлікке өз ұсыныстарын жеткізе алмай отыр. Сондықтан оларды оқу бағдарламасына жедел енгізетін нақты механизм қажет, – деді депутат.
Өз кезегінде вице-министр оқулықтарды сараптау бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті. Оның ішінде ғылыми-педагогикалық сараптама, жетілдіру, апробация және пәндік сараптама бар. Сонымен қатар ол кей жағдайда жаңа әдістерге сараптамалық комиссиялар тарапынан сақтықпен қарау фактілері кездесетінін айтты.
Министрлік өкілі бұл бағытта ашық екенін және нақты ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Талқылау барысында депутат мәселенің тек оқулықтарға емес, әдістемелерге қатысты екенін нақтылап, тиімді бағдарламаларды ұзақ күттірмей оқу процесіне енгізу қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша бұл мәселені жұмыс тобы аясында қосымша қарау ұсынылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, енді Қазақстанда мұғалімдерге ұнайтын өзгеріс болады.
Тағы оқи отырыңыздар: Енді мұғалімдерді заң қорғайды: Директорлар мен ұстаздар проблемасына нүкте қойылды