Ресейге көмектескен бе? Санкцияға іліккен алматылық компания туралы не белгілі?
Еуропалық одақ мәліметінше, алматылық компания Ресейге көмектескен деген күдікке ілінген.
Еуропалық Одақ Кеңесі Ресейге көмектескен қазақстандық компания мен кәсіпкерге санкция салды. Ол компания жайлы не белгілі? BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.
Бұл жолы Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысы болуы мүмкін деген күдікпен 58 компанияға санкция салынды. Олардың қатарында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қазақстан және Беларусь аумағында тіркелген 16 ұйым бар.
Сонымен қатар, Еуропалық Одақ Қырғызстанға бағдарламалық басқару жүйесі бар станоктар мен радиожабдықтарды экспорттауға шектеу енгізді. Бұған аталған техникалардың Қырғызстан арқылы Ресейге қайта жөнелтілуі себеп болған. Бұл жайлы Еуроодақтың журналында айтылған.
Айта кетейік, санкция – бір елге, компанияға немесе адамға қысым жасау үшін енгізілетін шектеу шарасы. Мысалы, сауда жасауға тыйым салу, банк есепшоттарын бұғаттау немесе белгілі бір тауарларды сатпау болуы мүмкін. Әдетте санкция халықаралық ережені бұзғаны, соғыс бастағаны немесе заңсыз әрекеттер үшін қолданылады. Қарапайым айтқанда, санкция – жазалау мен қысым көрсетудің экономикалық және саяси құралы.
Алматылық компания туралы не белгілі?
Тізімде Қазақстанның United Trading Group компаниясы тұр. Еуропалық Одақ дерегінше, бұл компания Германиядағы UrSeCo Handels GmbH & Co. KG ұйымымен байланысты. Сол компания арқылы Ресейге жартылай өткізгіштер өндірісінде қолданылатын жоғары тазартылған хлорсутек (HCl) жеткізілген деген күдік бар.
Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, компанияның иесі – Беков Әлімжан Қуантайұлы. Компания Украинадағы соғыс басталған соң 23 күннен кейін, яғни 2022 жылы 17 наурызда тіркелген.
Компания туралы мәліметте қызмет түрі де жазылған. Ол жерде мекеме сауда алаңы 2000 шаршы метр және одан көп сауда нысандарында, оның ішінде көтерме азық-түлік тарату орталықтарын қоса алғанда, нақты мамандандырылмаған кең ассортименттегі тауарлардың көтерме саудасымен айналысатыны жазылған.
Компания басшысы не дейді?
Біз компанияның негізін қалаушы Әлімжан Қуантайұлымен байланыстық. Ол әзірге бұл жайтқа қатысты пікір білдіре алмайтынын жеткізді.
Әзірге ешқандай пікір білдіре алмаймын. Алдағы уақытта бұл жайтқа қатысты қандай шара қолданатынымды адвокаттарыммен кеңесу керек, - деді ол BAQ.KZ тілшісімен әңгімесінде.
Сонымен қатар, Әлімжан Беков компания нақты немен айналысатынын ашып айтпай, телефон тұтқасын қоя салды.
Бір ғана жұмысшы ма?
Ашық деректерге сәйкес, компания шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Кейбір БАҚ-та компанияда тек бір жұмысшы бары айтылған. Алайда компанияда тек бір жұмысшы болған деп айтуға негіз жоқ. Себебі Statsnet деректерінше жұмысшы саны тек бестен аз деп көрсетілген. Соған қарамастан, 2022-2024 жылдары шағын бизнес үшін едәуір көлемде салық төлеген. Бұл компанияның аз штатпен жоғары айналымдағы сауда операцияларын жүргізгенін білдіруі мүмкін.
Салық
Компания 2022 жылдан бері айтарлықтай көлемде салық төлеп келген. Алайда соңғы жылдары төлем көлемі күрт азайған. 2022-2026 жылдар аралығында компания бюджетке жалпы 111 983 745 теңге салық аударған. Оның ішінде:
Салықтар: 107 633 809 теңге.
Еңбекақы қорынан міндетті төлемдер: 4 349 936 теңге.
Яғни аударымдардың басым бөлігі тікелей салық төлемдері болған.
Компания ең көп салықты 2023 жылы төлеген. Сол жылы бюджетке: 39,6 млн теңгеден астам қаражат аударылған. Бұл кезеңде компанияның айналымы жоғары болғанын, сауда-саттығы белсенді жүргенін көрсетуі мүмкін.
2024 жылдан бастап құлдырау басталған. Ол жылы төлемдер 32,6%-ға азайған. Ал 2025 жылы тағы төмендеп, шамамен 10 млн теңгеге дейін түскен.
2026 жылы белсенділік өте төмен. Қазіргі уақытқа дейін компания небәрі 31 943 теңге ғана аударған. Бұл бұрын ондаған миллион төлеген компания үшін өте төмен көрсеткіш.