Ресейге кетіп, қалып қойып жатқан этникалық қазақтар көбейген

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Александр Милютин елімізден кетіп жатқан жоғары білімді мамандардың көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2019 жылы эмигранттардың жалпы статистикасында жоғары білікті мамандардың үлесі 50,6%-ды құраған. Былтыр 2020 жылы пандемия мен шектеулерге қарамастан, бұл көрсеткіш 54,3%-ға жетті. Бұл ретте 2019 жылға қарағанда Қазақстаннан кеткен медицина қызметкерлерінің саны үш есе көп, педагогтардың үлесі 4 есе көп, техникалық мамандардың үлесі бес есе көп. Сондықтан жастардың елден кетуі үлкен проблемаға айналды,- дейді депутат.

Ол сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, оның себептерін атап өтті: 

-адами капиталдың төмендеуі, - қазақстандықтардың өмір сүру сапасының төмендігі, 
-ертеңгі күнге деген сенімділіктің жоқтығы және елде қолжетімді білімнің болмауы.

Он мыңдаған жас Қазақстаннан кетіп, шетелге, әсіресе, Ресейге оқуға түседі. Еліміздің шетелде оқитын барлық студенттерінің 60%-ы Ресейде оқиды және сол жерде біржола қалады. Әсіресе, Қазақстанда жоғары білім алудың мәселесі этноспен немесе тілмен байланысты емес. Ресейде және басқа елдерде оқитындардың арасында сол жерде қалуға ниет білдіретіндердің дені – этникалық қазақтар, - дейді Александр Милютин. 

Оның айтуынша, мұның себептерінің бірі – Қазақстанда 2019 жылға дейінгі сырттай және қашықтан оқыту бағдарламаларының оқу жоспарлары күндізгі білім беру материалдарының 65%-ына дейін қысқартылуы.

Ал 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап сырттай білім беру нысанының мүлдем тоқтатылуы. Бұл елімізде қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік жоқ дегенді білдіреді.  Ал ресейлік университеттер мұндай оқу бағдарламаларын кеңінен ұсынады. Ол жақта тіпті құрылыс және инженер мамандықтары бойынша да жоғары білім ала алуға мүмкіндік бар, - дейді мәжілісмен.

Ол сонымен қатар тағы бір себебі – Қазақстаннан келген талапкерлерге ресейліктермен тең дәрежеде тегін оқуға түсу шарттары мен мүмкіндіктері қарастырылған деп отыр. 

Ал Ресейде мамандықтарды таңдау мүмкіндігі жоғары. Біздің ойымызша, ең маңызды себеп – Ресейде түлектердің жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары. Қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің жартысынан астамы негізгі мамандығын айтпағанның өзінде қандай да бір жұмыс таба алмайды, - дейді депутат.

Оның айтуынша, еңбек нарығы нашар бақыланады, соның салдарынан «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған түлектер де мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмайды.

Екіншіден, біздің жоғары оқу орындарындағы білім беру шетелдіктермен салыстырғанда, түлектің жұмыс процесіне бірден қосылуына мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды әзірлеуге жеткіліксіз бағдарланған.
Сондай-ақ ипотеканың, жас отбасыларға арналған балалар оқу орындарының қолжетімділігі, сондай-ақ ана капиталының болуы, Ресейде бар да, бізде жоқ отбасын қолдау бағдарламалары маңызды фактор болып саналады, - дейді Александр Милютин.
Сондықтан ол вице-премьер Тоғжановтан еліміздің жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, Қазақстандағы жоғары білімнің қолжетімділігі, сапасы мен тиімділігіне, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға, олардың білімін ел экономикасында тиімді пайдалануға байланысты проблемаларды шешу үшін Үкімет қабылдайтын шаралар туралы, сондай-ақ басқа елдерде оқитын жастардың Қазақстанға оралуына қызығушылығын ынталандыру бойынша жоспарланған шаралар туралы хабарлауды сұрады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы