30 Шілде 2026, 18:21 Фото: instagram.com/durov

Ресейде Павел Дуров террористер мен экстремистер тізіміне енгізілді

Ресей заңнамасына сәйкес, банктер тізімге түскен тұлғалардың қаражатын бұғаттайды және оларға қызмет көрсетуді тоқтатады.

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Росфинмониторингтің террористер мен экстремистер тізіміне енгізілді. Бұл туралы BAQ.KZ ведомствоның реестріне сілтеме жасап хабарлайды.

Тиісті жазба бүгін, 30 шілдеде экстремистік қызметке немесе терроризмге қатысы бар екендігі туралы мәліметтері бар ұйымдар мен жеке тұлғалардың тізілімінде пайда болды. Дуров тізімде 6895-ші нөмірмен тіркелген.

Реестрге енгізуге қылмыстық іс себеп болды. 29 шілдеде Ресей ФСБ-ның Қоғамдық байланыс орталығы Дуровқа РФ ҚК 205.1-бабының 1.1-бөлігі («Террористік қызметке жәрдемдесу») бойынша айып тағылғанын және оған халықаралық іздеу жарияланатынын хабарлады. Бұл баптың санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырады.

ФСБ нұсқасы бойынша, мессенджер әкімшілігі украиналық арнайы қызметтер, террористік және экстремистік ұйымдар диверсиялар, терактілер мен кибералаяқтықты дайындау үшін пайдаланған тыйым салынған ақпараттарды, арналарды, чаттар мен боттарды жоймаған.

Ведомство «Дайвинчик/Leo» телеграм-боты танысу сервисі ретінде ұсынылғанымен, іс жүзінде алдау және психологиялық қысым жасау арқылы адамдарды диверсиялық-террористік қызметке тарту құралы болды деп сендіреді.

Тізімге енгізудің тікелей қаржылық салдары бар. Ресей заңнамасына сәйкес, банктер тізімге түскен тұлғалардың қаражатын бұғаттайды және оларға қызмет көрсетуді тоқтатады.

Ресейлік адвокат Олег Зернов «РИА Новости» агенттігіне түсіндіргендей, тізімдегі тұлғалар салықтар мен айыппұлдарды төлеу бойынша операцияларды жүзеге асыру құқығын сақтайды, ал тапқан жалақысын тек шектеулі мөлшерде ғана жұмсай алады.

Дуровтың өзі тағылған айыптарға қатысты әлі көпшілікке пікір білдірген жоқ.

Тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Telegram иесі Павел Дуровқа халықаралық іздеу жарияланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Франция тергеушілері Павел Дуровтан қайта жауап алды

Павел Дуров Digital Bridge-ден кейін Көлсайға түсті