Ресейде күніне 60 мың оқырман онлайн кітапхана қызметін пайдаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен "Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар" атты халықаралық онлайн форумда Қазақстан мен Ресей кітапханаларының директорлары өзара тәжірибелерімен бөлісті. 

Форум Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзімен басталды. 

Осы форумға жиналып отырған барлық кітапхана өкіліне ризашылығымды білдіремін. Бұрыннан бәрімізге белгілі кітап ешқашан да ұмытылмайды. Қиын-қыстау кезеңде де кітапханалар болған және алдағы уақытта да бола бермек. Кітап - адам болашағының азығы. Кітап оқыған адам білімін арттырып, білмеген тұстарын осы кітаптан ала алады. Сондықтан бүгінгі форумда әрбір елдің кітапханаларының ерекшелігімен танысып, қызықты ақпараттар естиміз деп ойлаймын, - деді Ақтоты Райымқұлова. 

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова мекеменің тарихына тоқталды. 

Осы Ұлттық кітапхананы ең алғаш рет Ораз Жандосов басқарған еді. Қазір 100 жылдық тарихы бар кітапхана барлық елге танымал. Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, басқа да спорт және мәдениет саласының барлық мекемесі сияқты онлайн режимге көшті. Осы орайда, министрліктің жобаларын іске асыру барысында әлеуметтік желілерде оқырмандарымен бірге онлайн режимде конференциялар өткізіп, танымдық әңгімелесулер, лекциялар, оқыту семинарлары, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Сонымен қатар, қоғам белсенділері, ақын-жазушылармен онлайн түрде қарым-қатынас жасап отырамыз. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, патриоттық рухты көтеретін бірнеше шараны ұйымдастырдық. Мұның барлығы карантин кезінде үйде отырған оқырмандардың көңілін кішкене болсын көтеруге, талантын ашуға, білімін толтыруға септігін тигізеді, - деді кітапхана директоры. 

Сонымен қатар, форум барысында Ресей кітапханасының директоры Дуда Вадим Қазақстан-Ресей арасындағы тарихи-мәдени байланыстың кеңейіп келе жатқандығын айтты. 

2016 жылдың 24 қарашасында Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті туралы кітаптар бар бұрыш Ресей кітапханасында салтанатты түрде ашылған еді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі карантин режимі бәрімізді ойлануға, ізденуге, шыңдалуға берілген уақыт сияқты. Осы жерде біздің кітапханада қашықтан жұмыс жасап жатқандығын айтқым келеді. Осы онлайн режиде жұмыс істеудің бірнеше тәсілдерін қарастырдық. Арнайы жобалар іске қосылды. Оны оқырмандар сайтқа кіріп қарай алады. Кітап қорымыз үлкен деп айта аламын. 700-800-ге жуық кітап сайтқа орналастырылды. Тез таңдау арқылы кез келген оқырман өзі қалаған кітапты оқи алады. Тек қана біздің ғана оқырмандар емес, шетелдің азаматтарына түсінікті болу үшін аударылған нұсқалары да бар.  Осы карантин кезінде бір күнде 60 мыңға жуық оқырман сайтқа кіріп кітап оқиды. Бұл дегеніміз үш есеге өсіп отыр. Сондықтан біз әрі қарай да қорымызды кітаптармен толықтыратын боламыз, - деді Ресей кітапханасының директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы