13 Тамыз 2026, 08:57 Фото: pixabay

Ресей мұнайын тасымалдаған танкерден төгілген мұнай Оман жағалауына жетті

Санкциядағы танкерден тараған мұнай дағы шамамен 400 шаршы шақырым аумаққа жайылған.

Ресей мұнайын тасымалдаған танкерден төгілген мұнай Оман жағалауына жетті. Бұл туралы Reuters Оманның қоршаған ортаны қорғау агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Caroline Bezengi танкері шамамен 800 мың баррель ресейлік мұнай тасымалдаған. Халықаралық санкцияға іліккен кеме 30 маусымда қайраңға отырып қалған.

Мұнай теңіз қорығына кіретін аралдың маңына төгілуде. Оман билігінің мәліметінше, мұнай дағының аумағы 400 шаршы шақырымға жуықтаған.

Экологиялық ұйымдар мен мұнай төгінділеріне қатысты мамандар апат ауқымы бұдан да үлкен болуы мүмкін екенін айтады. Сарапшылардың бағалауынша, тамыз айының басынан бері мұнайдың таралу қарқыны айтарлықтай күшейген.

БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) мәліметінше, маусымдық муссондарға байланысты танкерге жету және құтқару жұмыстарын жүргізу әзірге мүмкін болмай отыр.

Ал мұнай төгінділерінен келтірілген шығынды өтеумен айналысатын үкіметаралық IOPC Funds ұйымы тазарту жұмыстарына қаржылай қатыспайтынын мәлімдеді.

Ұйым бұл жағдайды жай ғана теңіз апаты емес, «соғыс актісі» ретінде қарастырып отырғанын хабарлады.

Қазір мұнайдың Оман жағалауына таралуы экологиялық қауіп тудырып отыр. Әсіресе төгінді теңіз қорығына жақын жерде болғандықтан, оның теңіз экожүйесіне әсері алаңдаушылық туғызуда.

Бұған дейін Ресей алғаш рет Үндістаннан теңіз арқылы бензин жеткізе бастағандығы жазылған болатын.