Ресей мен Украина тығырыққа тірелді: 2026 жылы жағдай қандай болмақ?
Саясаттанушы Руслан Мақсат Ресей мен Украина соғысы биыл тығырыққа тірелгенін айтты. Ол қандай тығырық және 2026 жылы жағдай өзгеруі мүмкін бе? BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.
Украина да, Ресей де бір-бірінің инфрақұрылымына соққы жасауды жалғастырып жатыр. Бірақ бұл әрекеттер бір тараптың әскери басымдығына немесе шешуші нәтижеге алып келмей отыр. Екі жақтың да стратегиялық тұрғыда ілгері жылжи алмауы, тек инфрақұрылымдық соққылармен шектелуі соғыстың тығырыққа тірелуін білдіреді, - деді Руслан Мақсат.
Саясаттанушы екі ел арасындағы бүгінгі жағдай 2026 жылы Ыстамбұлдағы бейбіт келіссөздер арқылы алға жылжуы мүмкін екенін атады.
Бұдан бұрын Түркиядағы келіссөздер нақты нәтижелер бергендіктен, 2026 жылы Ресей мен Украина белгілі бір келісімге Ыстамбұлда келуі мүмкін, - деді ол.
Руслан Мақсат Ыстамбұлда келіссөздердің қайта басталуы үшін тараптар соғыс майданында да, әскери жоспарлау деңгейінде де жағдайдың тығырыққа тіреліп, Ресейдің шабуылы да, Украинаның қорғанысы да үлкен шығындарға әкеліп отырғанын мойындауы керегін айтты.
Тараптар келіссөздер шеңберін белгіледі, бірақ әзірге консенсус байқалмады. Егер Ресей өзіне Запорожье, Донецк, Луганск, Херсонды және Қырымды алғысы келсе, онда Украина осы аймақтардың барлығын сақтап, Ресейдің аумақтық аннексиясын мойындағысы келмейді. Менің ойымша, келіссөздердің басталу нүктесі қазіргі байланыс желісі бойынша майданның қатып қалуы және ұзақ мерзімді атысты тоқтату болуы мүмкін. Оның үстіне, алдымен атысты тоқтату туралы жариялауға болады, ал облыстардың мәртебесі бойынша келіссөздерді екі жақтан да құрбан болмай ұзақ уақыт жүргізуге болады, - деді саясаттанушы.
Дегенмен маман соғыстың аяқталуы туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
2025 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша, менің ойымша, соғыстың аяқталуы туралы айтуға әлі ерте. Мен келіссөздер өтсе және жаңа жылдан кейін ұзартылуы мүмкін “Рождестволық бітімге” қол жеткізілсе, оны айтарлықтай ілгерілеу деп айтар едім, - деді Руслан Мақсат.
Сондай-ақ саясаттанушы Түркияда келіссөздер шынайы нәтиже көрсетсе, Анкараның сенімді делдал ретіндегі беделі аймақтық деңгейде ғана емес, жаһандық саясатта да күшейе түсетінін айтты.
Еске салсақ, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінен кейін Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді қайта бастауға және оларды кеңейтуге шақырды.
Бұдан бұрын Түркияға делдал болу не үшін керек және Ресей мен Украина арасында келіссөздер жүргізуде Түркияның басқа елдерден қандай артықшылығы бар екенін жазғанбыз.