Бүгiн 2026, 17:20 Фото: gov.kz

Референдумда түрлі образда келіп, шоу жасау заң бұзушылық емес – Күнәділов

Референдум күні кейбір сайлау учаскелерінде азаматтардың түрлі образда киініп, ерекше шоу элементтерімен келуі қоғамда қызу талқыға түсті.

Референдум күні кейбір сайлау учаскелерінде азаматтардың түрлі образда киініп, ерекше шоу элементтерімен келуі қоғамда қызу талқыға түсті. «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов мұндай әрекеттердің заң тұрғысынан қалай бағаланатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, референдум күні кейбір сайлау учаскелерінде болған жайттар көпшіліктің есінде ерекше әрі қызықты сәттерімен қалуы мүмкін.

Төлеген Күнәділов заңнамалық тұрғыдан дауыс берушілерге қандай да бір шектеу қойылмағанын атап өтті.

Егер заңнамалық тілмен айтатын болсақ, ешқандай шектеулер көрсетілмеген. Яғни адам келіп, өзінің тұлғасын дәлелдейтіндей мүмкіндік болса, комиссия мүшелеріне көрсететін жеке куәлігі болса, болды, – дейді ол.

Коалиция төрағасының сөзінше, түрлі образда киініп келу немесе шоу көрсету кей жағдайда азаматтардың белсенділігін арттыруы да мүмкін.

Түрлі образда киініп келу, шоу көрсету керісінше, халықтың ынтасын арттырады. Қызық қой. Сондықтан бұл жерде дауыс берушілер ешқандай заң бұзушылық жасап тұрған жоқ, – деді Төлеген Күнәділов.

Сонымен қатар ол мұндай әрекеттердің хайп немесе өзіне назар аударту мақсатымен жасалуы мүмкін екенін де жасырмады.

Хайп, өзіне назар аудару деген өз алдына бөлек әңгіме. Әрбір науқан сайын мұндай қызықты оқиғалар болады, – деді коалиция төрағасы.

Оның айтуынша, референдум күні бірқатар азаматтар ерекше кейіпте келген.

Біреу морж болып киініп келген, біреу атқа мініп келген жайттар да болды. Біреу күшік ұстап, үй киімімен келсе, енді бірі – Қыдыр Ата образында келіп, бата бергенін көпшілік көрді, – деп нақтылады ол.

Төлеген Күнәділов мұндай құбылыстар тек Қазақстанға ғана тән емес екенін атап өтті.

Бұл практика тек қана Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемдік тәжірибеде кездеседі, – дейді ол.

Сондай-ақ коалиция басшысы сайлау науқандарын пайдаланып, жұрттың назарын аударуға тырысатындардың әрекеті қалыпты жағдай екенін айтты.

Науқанды пайдаланып, «Атың шықпаса, жер өрте» дейтіндердің әрекеті қалыпты жайт, – деп түйіндеді Төлеген Күнәділов.

Еске салайық, кеше елімізде өткен жаңа Конституция жобасына арналған республикалық референдумға дауыс берушілер түрлі образда киініп келген. Мәселен, Қасым, Есім және Тәуке хандар бейнесіндегі азаматтар ерекше киімдерімен көзге түсті. Сондай-ақ Алматы облысының тұрғыны референдумға «ерекше досы» - ұлттық киім киген роботын ерте елді.