16 Қыркүйек 2026, 18:42 Фото: ҚФФ

«Реалдан» бастап Джей Ло мен УЕФА Суперкубогына дейін: Қазақстандағы әлем назарын аударған оқиғалар

2028 жылы Қазақстан алғаш рет еуропалық клубтық футболдың басты матчтарының бірін – УЕФА Суперкубогын қабылдайды. «Астана Арена» алаңында 2027/2028 маусымының Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі. Матчты Астанада өткізу туралы шешімді УЕФА атқарушы комитеті бекітті.

Суперкубок – Қазақстанда өтетін кезекті ірі халықаралық оқиғалардың бірі. Соңғы бірнеше жыл ішінде ел әлемдік футбол жұлдыздарының қатысуымен өткен матчтарды, танымал әртістердің концерттерін және әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдады. BAQ.KZ солардың ішідегі ең жарқын көріністерді еске алады.

Мбаппе мен «Реал» Алматыда

2025 жылғы басты спорттық оқиғалардың бірі – мадридтік «Реалдың» келуі болды. 30 қыркүйекте испан клубы Чемпиондар лигасындағы негізгі кезең аясында Алматының Орталық стадионында «Қайратпен» кездесті.

Қазақстандық жанкүйерлер әлемнің ең титулды футбол клубтарының бірінің жұлдыздарын өз көздерімен көрді. Матч қонақтардың 5:0 есебі жеңісімен аяқталды, ал кездесудің басты қаһарманы хет-трик жасаған Килиан Мбаппе болды.

Ойынға деген қызығушылық Алматы шеңберінен әлдеқайда асып түсті. Билеттер үлкен дүрбелең тудырды, ал «Реалды» тамашалауға еліміздің әр өңірінен және шетелден жанкүйерлер келді. Матч қарсаңында Алматыға келген шетелдік туристердің саны 5 мыңнан асқаны хабарланған болатын.

Дженнифер Лопеске арналған екі стадион

Сол жылдың жазында Қазақстанға алғаш рет Дженнифер Лопес келді. «Up All Night» әлемдік турнесі аясында әнші екі үлкен концерт беріп өтті.

Бірінші шоу 1 тамызда «Астана Аренада» өтті. Тоғыз күн өткен соң, 10 тамызда Лопес Алматының Орталық стадионының сахнасына шықты.

Бұл қойылымдарға әншінің қазақстандық жанкүйерлері ғана емес, басқалар да жиналды. Тек Алматыдағы концертке 27 мыңға жуық көрермен келіп, олардың арасында 35 елден келген 7 мыңға жуық шетелдік қонақ болды.

Backstreet Boys 45 елдің жанкүйерлерін жинады

2025 жылдың күзінде Қазақстан тағы бір әлемдік жұлдыздарды – Backstreet Boys тобын қабылдады. Аңызға айналған америкалық топ толық құрамда келіп, екі концерт берді: 19 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында және 21 қыркүйекте «Астана Аренада».

Көптеген көрермен үшін бұл концерттер бір буын өсіп шыққан әндерді тірідей тыңдауға мүмкіндік болды. Тіпті ұйымдастырушылар елордадағы шоу үшін Total White киім үлгісін (дресс-код) белгіледі.

Астана әкімдігінің деректерінше, топтың елордадағы концертіне 45 елден 12 мыңнан астам турист келген. Олардың арасында Германия, Франция, Польша, Түркия, Финляндия, Чехия, Сербия, Греция, Әзербайжан, Ресей және Өзбекстаннан келген Backstreet Boys жанкүйерлері болды.

Энрике Иглесиас және екі «ұмытылмас түн»

2026 жылдың қыркүйегінде Энрике Иглесиастың кезегі келді. 3 қыркүйекте әнші «Астана Аренада», ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетті.

Гастрольдік сапары аяқталғаннан кейін әнші концерттердің кадрларын жариялап, қазақстандық жанкүйерлеріне алғысын айтты.

«Қазақстанға екі ұмытылмас түн сыйлағаны үшін тағы да алғыс айтамын! Астана, Қазақстандағы алғашқы ұмытылмас шоу үшін рақмет! Алматы, мен сендерді жақсы көремін!» - деп жазды әртіс.

«Тақтар ойыны», «Өткір жүзділер» және One Piece жұлдыздары

Еліміздің халықаралық күнтізбесіндегі жеке бір оқиға - Comic Con Astana фестивалі болды. Бесінші фестиваль 2026 жылдың 6-9 тамызы аралығында өтті.

Қазақстанға миллиондаған көрерменге танымал сериалдардан белгілі актерлер келді. Басты қонақтардың арасында «Тақтар ойынындағы» Джейме Ланнистер рөлін сомдаған Николай Костер-Вальдау, «Өткір жүзділерден» Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының жұлдыздары Иньяки Годой мен Таз Скайлар болды.

Бағдарламаға сондай-ақ шетелдік блогерлер, суретшілер мен контент жасаушылар қатысты.

Төрт күн ішінде Comic Con Astana алаңдарына 80 мыңға жуық адам келді. 40-тан астам елден 12 мыңнан астам қонақ келді.

Фестивальдің өзі бұрыннан тек комикстермен шектелмейді. Ол бір алаңда кино, сериалдар, видеойындар, аниме, косплей және заманауи поп-мәдениеттің басқа да бағыттарын біріктіреді.

Джокович және шахмат

Астана үнемі ірі халықаралық спорттық жарыстардың алаңына айналып келеді.

2011 жылы елорда Алматымен бірге VII қысқы Азия ойындарын қабылдады. Жарысқа 26 елден мыңға жуық спортшы қатысты.

Ең жұлдызды турнирлердің бірі – ATP 500 санатындағы Astana Open 2022 болды. Сол кезде Қазақстанға Карлос Алькарас, Новак Джокович, Даниил Медведев, Стефанос Циципас, Андрей Рублев және басқа да танымал теннисшілер келді. Турнир жеңімпазы финалында Цициpасты жеңген Джокович атанды.

Келесі жылы-ақ шахмат әуесқойларының назары Астанаға ауды. Мұнда Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч өтті. Классикалық бөліктің 14 партиясынан кейін есеп тең болды - 7:7. Титулдың тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Дин Лижэнь жеңіске жетті. Ол ерлер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қытайлық шахматшы атанды.

Тағы бір ауқымды оқиға – 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болды. Оған 89 елден 2,8 мыңға жуық қатысушы келіп, жарыстар 21 спорт түрі бойынша өткізілді.

Келесі үлкен дата – 2028 жыл

Енді Астананың халықаралық күнтізбесінде тағы бір маңызды дата пайда болды. 2028 жылы «Астана Аренада» еуропалық екі ірі клубтық турнирдің – Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының сол кездегі қолданыстағы жеңімпаздары ойнайды.

Қазақстан үшін бұл тарихтағы алғашқы УЕФА Суперкубогы матчы болмақ.