Бүгiн 2026, 13:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Растамаймын" – Министр "Болашақтағы" заңбұзушылық туралы мәлімдемеге жауап берді

Министр жасанды интеллект бағыты бойынша гранттарды бөлу кезінде заң бұзылмағанын айтты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша грант бөлуге қатысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтегі брифинг барысында министрден жасанды интеллект мамандықтарына бөлінген гранттарға қатысты заң бұзушылық болғаны жөнінде сұрақ қойылды.

Журналистің айтуынша, жоспарланған 54 гранттың тек бесеуі ғана нақты жасанды интеллект бағыты бойынша тағайындалып, қалған 49 грант өзге мамандықтарға берілгені туралы мәселе көтерілген.

Саясат Нұрбек бұл пікірмен келіспейтінін айтты.

Растамаймын, келіспеймін. Көп жағдайда аудиторлар бухгалтерлік құжаттармен ғана қарайды. Бұл жерде заң бұзушылық жоқ екенін нақты айта аламын, – деді министр.

Оның сөзінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында талапкерлерді іріктеу кезінде екі негізгі құжатқа сүйенеді. Біріншісі – халықаралық рейтингтердегі жоғары оқу орындарының тізімі, екіншісі – мамандықтар тізімі.

Министр шетелдік университеттерде бағдарламалардың атауы әртүрлі болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Мысалы, жасанды интеллект немесе машиналық оқыту бағыты бойынша оқуға шақырту алады. Бірақ шетелдік университеттер бағдарламаларды әртүрлі атаумен береді. “Жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдар” немесе “машиналық оқыту” деп жазылуы мүмкін, – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, шетелдік бағдарламалардың Қазақстан бекіткен мамандықтарға сәйкестігін арнайы комиссия қарайды.

Министр Жоғары аудиторлық палата атап өткен 390 талапкердің де осы комиссиядан өткенін айтты.

Комиссия оқу бағдарламасын толық қарап, оның бекітілген мамандықтарға сәйкестігі жөнінде шешім шығарады. Осыдан кейін ғана олар республикалық комиссияға және конкурстық рәсімге жіберіледі, – деді ол.

Саясат Нұрбек кейбір аудиторлар ішкі комиссия шешімін стипендия тағайындаумен шатастырғанын жеткізді.

Бұл – 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқан рәсім. Комиссияның шешімі тек конкурсқа қатысуға рұқсат беру кезеңі ғана. Бірде-бір стипендия республикалық комиссияның шешімінсіз тағайындалмайды, – деді министр.

Ол барлық рәсім заң аясында жүргізілгенін айтып, министрлік өз түсіндірмелерін Жоғары аудиторлық палатаға жолдағанын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстанда қай мамандықтарға грант көп бөлінетіні белгілі болды. 2026-2027 оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, басымдық техникалық және педагогикалық бағыттарға берілді.