Рақымшылыққа іліккендер бостандыққа қашан шығады?
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қол қойды. Бүгіннен бастап құжат заңды күшіне енді. «Рақымшылық жасау туралы» заң – Қаңтар оқиғасына қатысқандарға мемлекет жасап отырған гуманизм туралы акт. Рақымшылыққа орташа және аса ауыр емес қылмыстырға жататыны белгілі. Егер адам сотталған болса, кінәлі болып қалады. Ал тергеу жұмыстары әлі аяқталмаған болса, азамат оған рақымшылық жасау туралы өтінішті жаза алады, - деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары Сенаттың кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жазаны өтеу мерзімі қысқартылады.
Рақымшылыққа іліккендердің қашан босатылатынына қатысты нақты мерзімді дәл қазір айта алмаймын. Өйткені істердің бірқатары әлі алдын ала тергеу органдарының өндірісінде. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу толықтай жүргізіледі. Одан кейін іс сотқа жіберіледі. Сот істі қараған соң үкім шыққаннан кейін ғана рақымшылық жасау актісін қолданады, - деп түсіндірді Әсет Шындалиев.
Белгілі болғандай, «Рақымшылық жасау туралы» заңда алты ай ішінде құзыретті орган оны орындау үшін барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуі тиіс деген норма қарастырылған.
Егер іске қатысты үкім шығарылған болса, мекеме әкімдігі немесе азаматтың өзі сотқа оған рақымшылық жасау актісін қолдануын сұрап, өтінішхат жолдайды. Заң бойынша сот бұл өтінішхатты бір ай ішінде қарайды. Сот тиісті шешімін шығарады. Ал орташа және аса ауыр емес істер бойынша шешім бірден шығарылып, азамат босатылуы мүмкін, - деді Бас прокуратура өкілі.