Қызылордалық кәсіпкердің еңбегі көпке үлгі болып келеді

Сыр өңірінде нәсібін берекелі кәсіптен тапқан шаруа адамдары жетерлік. Олардың қатарында Жалағаш ауданындағы Аққұм ауылының тумасы Ерлан Жақсылықов та бар, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек адамының қашанда жұмысы жүйелі, табысы құнды келеді. Жауапкершілікпен қызмет етіп, маңдай тері мен қажыр қайратын шаруашылыққа арнаған соң Ерлан Жақсылықовты ауыл жұрты абыройлы азамат деп таниды. Ол қарапайым қалпымен-ақ көпке үлгі болып, кейінгіге өмірлік өнеге көрсетіп келеді. Төрт-түліктің бабын табуды, шаруаны шатқаяқтатпай ұйымдастыруды бала кезінен көріп өскен еңбек адамы бүгінде онға жуық ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған.

Шаруашылықтың қазіргі жағдайы көңіл қуантқанмен, бәрі де алғашында оңай басталмағаны белгілі. Бүгінде үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдаған Ерлан Жақсылықов та бастапқыда шаруашылықты азын-аулақ мал жинаудан бастаған. Содан болар жеті жыл бұрын негізі құрылған «Нұрдаулет» шаруақожалығы жылдар бойғы адал еңбектің өтеуіндей көрінеді. Қазір шаруақожалығында ет, сүт бағытындағы өнімдер қатар дайындалады. Табиғи дәмді сақтаған шаруашылықтың құрт пен сүті айраны көптің сұранысына ие. Айта кетейік, қазір шаруа қожалығында мың үш жүз бас жылқы, төрт жүз бас ірі қара малы, алпысқа жуық түйе, жүзге таяу уақ мал бағылады.

Бастапқыда совхоздың малын бағып, төрт түліктің жайын білген соң, шаруашылықтың жұмысын жүргізу қиын болмады. Әрине қай саланың болсын ауыртпалығы болатыны рас. Біз де түрлі кедергілерден өттік. Талай жылғы шаруа барысынан адам баласының еңбек ету арқылы бәрін жеңе алатынын, тіпті аянбай тер төксе қалағанына қол жеткізетінін түсіндім. Қазақ «әрекетке ̶ берекет» деп бекер айтпайды. Қол қусырып, құр жатпай, еңбектенген адамның несібесін Жаратқан молынан береді. Сол үшін қандай кәсіпті қолға алсаң да, тоқтап қалмай, ізденісте болу керек. Жыл сайын мал азығына кенттегі «Элеватордан» жүз тонна жем жеткізіледі. Ал бес мың тоннаға жуық жоңышқа прессін жергілікті шаруашылықтардан сатып аламын. Жаз шыға төрт түлікті Қараөзектің маңындағы бес мың гектарды құрайтын жайылымдық жерімізге жаямыз. Сондықтан мал азығына алаңдамаймыз. Қазір он ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыдым, олардың қатарында сауыншылар да бар. Қызметкерлерге жалақылары уақытылы беріледі,  - дейді еңбек адамы Е.Жақсылықов.

Шаруақожалығындағы тағы бір қуантатын жайт, мұнда тек мал басын көбейтіп қана қоймай, төрт-түлік басын асылдандыру да қолға алынған. Аталған бастама үшін кәсіпкер он бас қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасы мен «Әулиекөл» тұқымынан екі бас бұқа әкелген екен.

Талай жылғы бейнетін берекеге айналдырған кәсіпкер туған жерге үлес қосуды да ұмыт қалдырмаған. Елдімекендегі тұрмысы төмен отбасыларды ет-сүт өнімдерімен тегін қамтамасыз ету ауыл азаматының әдетіне айналған. Одан бөлек өткен жылы Аққұмдағы бір көшенің жарықтануына қаржы бөліп, ел алғысына бөленген екен. Шаруақожалығының төрағасы мұнымен шектелмей, алдағы уақытта туған ауылын көркетуге барын салып, бірқатар жобаларды қолға алатынын да жеткізді. Алайда кәсіпкерді алаңдататын жайт та жоқ емес. Талайды көрген еңбек адамы қазіргі жастардың ата кәсіптен алшақ болғанына қынжылады. Содан болар кейінгі буынды ауылда еңбек етуге үндеп келеді.

Кішкентай күнімізден мал шаруашылығының маңында жүрген соң, төрт-түліктің бабын бір адамдай білемін. Сондықтан ата кәсіпті таңсық сала деп айта алмаймын. Бастысы, жем-суын үзбей уақытылы беріп, қоражайдың тазалығына ұқыпты болу керек. Жалақымыз жақсы, уақытылы беріліп тұрады. Жұмысым да өзіме қолайлы әрі ұнайды,  - дейді шаруақожалығының қызметкері Полатбек Бекмұратов.

Таңмен таласа тұрып, бел жазбай тірлік жасайтын еңбек адамының әр күні берекелі болатыны рас. Содан болар халқымыз «еңбек - ырыстың қазығы» деп шаруа адамын көпке насихаттаған. Бүгінде еңбегін ел таныған Ерлан Жақсылықов та ауыл тұрғындарына жақсылықты үлгі етіп келеді.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы