16 Қыркүйек 2026, 10:42 Фото: depositphotos.com

Қызылордада жасөспірімге қатысты дауға іліккен хоккей жаттықтырушысы туралы жаңа дерек шықты

Қызылорда облысында 16 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыстық іс бойынша ұсталған бұрынғы көгалдағы хоккей жаттықтырушысына қатысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басқарманың мәліметінше, аталған азамат спорт саласында қазір жұмыс істемейді.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жасөспірімнің көгалдағы хоккей жаттықтырушысы тарапынан 2 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат тараған.

Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, аталған азамат 2024 жылы басқармаға қарасты спорт мекемесіндегі көгалдағы хоккей жаттықтырушысы қызметінен толық босатылған.

Қазіргі уақытта ол спорт саласы мекемелерінде қызмет атқармайды, – делінген басқарманың ресми хабарламасында.

Ведомство істің тергеліп жатқанын атап өтті. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпаратты құқық қорғау органдары беретін болады.