Қызылордада заңсыз кортеж ұйымдастырған 8 жүргізуші жауапқа тартылды
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін анықтады. Таралған бейнежазбаны зерделеу нәтижесінде заңсыз кортежге қатысқан 8 жүргізушінің жеке басы нақтыланды.
Тексеру барысында жүргізушілердің жолда қауіпті маневрлер жасап, өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіргені белгілі болды.
Құқық бұзушылардың барлығы – Қызылорда қаласының 20-25 жас аралығындағы тұрғындары. Оларға маневр жасау қағидаларын бұзу, авариялық жағдай туғызу және жол қозғалысы талаптарын сақтамау деректері бойынша әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар сот шешімімен 3 азаматқа ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Еске салсақ, кеше Шымкентте заңсыз кортеж ұйымдастырған бес жүргізуші жауапқа тартылды. Барлық бес автокөлік айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ, көлік нөмірін бантикпен жасырған жүргізуші полицияға ұсталды. Түркістан облысында полицейлер жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні камера арқылы анықтады. Көліктен тағы бір заңсыз құрылғы табылды.
Тағы оқи отырыңыз: TikTok үшін көлікпен тротуарға шыққан: Таразда 20 жастағы жүргізуші жазаланды