Қызылордада сотталғандар рақымшылықпен бостандыққа шықты

"Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заң аясында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінен алғаш рет рақымшылықпен бір сотталған бостандыққа шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

55 жастағы ер адам ұрлық жасағаны үшін сотталған. Жаза мерзімінің аяқталуына небәрі бес ай қалған еді. Бостандыққа шыққан азамат өз қателігін мойындап, жаңа өмірге қадам басуға дайын екенін айтты.

Қателігімді түсіндім. Жер ортасына келген жаста қылмыс жасап, сотты болғаныма өкінемін. Енді отбасымның жанына барып, балаларыма тәрбие беріп, жіберген қателігімнің орнын толтырғым келеді. Қаншама уақытым зая кетті. Рақымшылықпен босап жатқаныма қуаныштымын, – деді ол.

Бұған дейін де рақымшылықпен ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінен 3 сотталған және пробация қызметінен 15 сотталған азамат бостандыққа шыққан болатын.

Сондай-ақ, Астанада баланы ұрған тәрбиеші де рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылғаны жайлы жаздық.

Айта кетерлігі, 2025 жылы 11 маусымда Мәжіліс қабылдаған амнистия туралы заң өз күшіне енді. Заңға сәйкес, амнистияға іліккен ауыр қылмыс жасағандардың жазасы үштен бірге қысқарады.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына қатысты пікір білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қызылорда облысы ҚАЖ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы