30 Қыркүйек 2026, 09:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қызылордада мал шаруашылығына бөлінген қаржының 60 млн теңгесі қолды болған

ҚМА мәліметінше, жобаға салынған қаражаттың бір бөлігі күдіктінің бақылауындағы шоттарға аударылып, қолма-қол ақшаға айналған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтады.

2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған.

Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құрады. Жоба ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған.

Тергеу деректеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған, - деп хабарлады ҚМА.

 Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ, Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті. Тергеу дерегінше, импортталған астықтың 130 мың тоннасы кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған. Аталған іс бойынша 5 адам күдікке ілінді.