Қызылордада бу-газ қондырғысы салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында 2025 жылға дейін электр қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы жүзеге асады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қызылорда облысы тұрғындарымен жүздесуінде айтты.

Биылғы шілде айында Қызылорда облысында электр қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын салуды көздейтін жоба бойынша инвесторларды іріктеу жоспарлануда. Ол аукциондық сауда-саттықты өткізудің бекітілген графигіне сәйкес жүргізіледі. Оны іске асырудың болжамды құны 215,1 млрд теңгені құрайды. Пайдалануға берудің болжамды мерзімі - 2025 жыл. Осы жобаны іске асыру 700 млн.кВт көлеміндегі қазіргі тапшылықты жабуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Министрдің айтуынша, кейінгі 3 жылға жүргізілген талдау бойынша жылу-электр орталығы жөндеу науқанына қаражат біркелкі бөлінбеген. Мысалы, 2019 жылы Қызылорда жылу- электр орталығында негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, Ол 2020 жылы 1,4 млрд теңгені құраса, былтыр 50 пайызға төмендеді.

2019-2021 жылдары 5 қазандыққа және 3 газ турбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, Қызылорда облысының энергетикалық кәсіпорындарының жұмысына әсер ететін проблемалық мәселелер де бар. Олардың қатарында негізгі жабдықтың жоғары тозуы, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, материалдар мен жабдықтар құнының қымбаттауы, материалдармен және жинақтауыштармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі секілді жағдайлар кездеседі.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында жиынтық қуаты 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Министрлік жыл сайын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукциондар өткізеді. Мәселен, 2022 жылғы аукциондық сауда-саттыққа Жаңақорған, Шиелі және Арал аудандарында 20 МВт-тан күн электр станциясының 3 лоты жоспарланып отыр, – деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ қазір Қызылорда облысын газдандыру деңгейі 66,5 пайызды құрайды. Шамамен 550,8 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Газбен жабдықтау жөніндегі жобалар түрлі бағдарламалар арқылы жергілікті және республикалық бюджет, «ҚазақГаз» компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде.

Былтыр Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны жүзеге асыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша Қазалы қаласы, Жалағаш кенті және Шиелі ауданындағы Бекежанов елді мекенін газдандыру бойынша 3 жоба аяқталды. 2022 жылы жалғасатын 1 жобаны және жаңа 6 жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен газдандыруға 3,7 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген, – деді министр.

Қызылорда облысы елімізде мұнай өндіру көлемі бойынша 5-орынды еншілейді. Өңірге мұнай өндірудің жалпы көлемінің 6,14 пайызы тиесілі. Мұнай өндіруді «Қазгермұнай», «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Торғай Петролеум» және өзге де 14 компания жүзеге асырады. Былтыр аймақта мұнай өндіру 4,3 млн тоннаны құраса, ол биылғы 4 айда 1,4 млн тоннаны шамалады. Қызылорда облысында игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі игерудің соңғы сатысында тұр. Бұл ретте мұнай өндірудің жыл сайынғы табиғи төмендеуі байқалатынын атап өту керек. Мәселен, 2015 жылдан бастап аймақтағы өндіріс 2 есе төмендеген. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай экспортының үлесін өндіру көлемінен 50 пайыздан астам көлемде ұлғайту мәселесі толғандырады.

Осы мәселе бойынша былтыр «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің жобасы іске асырылды. Ол Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын Батыс Қазақстан мұнайымен (Атырау, Маңғыстау облыстары) сенімді жүктеуді қамтамасыз етуге жол ашты. Ал Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары үшін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Ол іске қосылған сәттен бастап Атырау және Маңғыстау облыстарының жер қойнауын пайдаланушылары үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша жүктеме шамамен 10-15 пайызға артты. Министрлік ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша теңгерімсіздікті жою жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастырады, – деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы