27 Шілде 2026, 17:37 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қызметтік әдеп: Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерге қандай талаптар қойылады?

Қандай әрекет үшін сөгіс беріледі, ал қандай жағдайда жұмыстан шығарады?

Азаматтармен дөрекі сөйлесу, қызметтік ресурстарды жеке мақсатқа пайдалану, ақпаратты жасыру, заңсыз сыйлық қабылдау және өзге де құқық бұзушылықтар мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс қозғауға негіз болуы мүмкін. Бұл ретте қолданылатын жаза тәртіптік теріс қылықтың ауырлығына, оның салдарына және қызметкердің кінәсінің деңгейіне қарай айқындалады. BAQ.KZ тілшісі мемлекеттік қызметшілер қандай талаптарды сақтауы тиіс және қандай әрекеттері үшін тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін екенін зерделеп шықты.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына қойылатын талаптар Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде де бекітілген.

Мемлекеттік қызметшілер адалдық, әділдік, ашықтық, әдептілік және азаматқа бағдарланған қызмет көрсету қағидаттарын ұстануға міндетті.

Азаматтармен қарым-қатынас кезінде олар дөрекілікке, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, әдепсіздікке және негізсіз созбалаңға жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ жалған ақпарат таратуға, заңсыз уәде беруге және қызметтік өкілеттігін жеке мәселелерін шешу үшін пайдалануға тыйым салынады.

Қызметтік автокөлік, ғимараттар, техника, ақпараттық жүйелер және өзге де мемлекеттік мүлік тек қызметтік мақсатта ғана пайдаланылуы керек.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген кезде мемлекеттік қызметшілер әдептілікті сақтауға, қызметтік пайдалануға арналған жабық ақпаратты жария етпеуге және тиісті өкілеттігі болмаса, мемлекеттік органның атынан сөйлемеуге міндетті.

Талаптар жұмыстан тыс уақытта да сақталуға тиіс

Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметші өзінің лауазымын алға тартып, оны қандай да бір қызмет немесе артықшылық алу үшін пайдалана алмайды.

Жұмыстан тыс жасалған кейбір әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық болып есептеледі. Олардың қатарына есірткі немесе психотроптық заттарды медициналық мақсаттан тыс пайдалану, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқару жатады. Мұндай әрекеттер үшін жұмыстан шығару көзделген.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметші лауазымына кіріскеннен кейін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өз еркімен бас тартуға міндетті.

Бизнес жүргізуге және қосымша табыс табуға бола ма?

Мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлікпен айналысуға және заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдарды басқаруға қатысуға тыйым салынады.

Сондай-ақ олардың басқа ақылы жұмыспен айналысуына жол берілмейді. Ерекше жағдай ретінде педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметке, сондай-ақ резервтегі әскери қызметке ғана рұқсат етіледі.

Қызметтік өкілеттіктер мен мемлекеттік ресурстарды жеке пайдасына пайдалану, өз мемлекеттік органында үшінші тұлғалардың мүддесін қорғау немесе бизнеске заңсыз қолдау көрсетуге де тыйым салынған.

Қандай әрекет тәртіптік теріс қылық болып саналады?

Тәртіптік теріс қылық деп қызметтік міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау, өкілеттігін асыра пайдалану, қызметтік тәртіп пен әдеп талаптарын бұзу, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде шара қолданбау танылады.

Заңда тәртіптік жазаның сегіз түрі көзделген:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
  • лауазымдық деңгейін төмендету;
  • мемлекеттік лауазымын төмендету;
  • сайланбалы мемлекеттік қызметшіні атқарып отырған лауазымына сәйкес емес деп тану;
  • жұмыстан шығару.

Тәртіптік жаза тағайындау кезінде жасалған теріс қылықтың сипаты, оның салдары, қызметкердің кінәсінің деңгейі және бұрынғы қызметтік мінез-құлқы ескеріледі.

Қандай жағдайда лауазымы төмендетіледі немесе жұмыстан шығарылады?

Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге заңда көзделген ақпаратты негізсіз беруден бас тарту, жауап беруді әдейі созу, жалған немесе толық емес мәлімет ұсыну және азаматтардан артық құжат талап ету жатады.

Сондай-ақ қызметтік пайдалануға арналған жабық ақпаратты жеке мақсатта пайдалану, басқа мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу, тамыр-таныстыққа жол беру, туыстыққа негізделген қолдау көрсету, жекелеген азаматтар мен ұйымдарға заңсыз артықшылық жасау да жауапкершілікке әкеледі.

Осындай заң бұзушылықтар үшін мемлекеттік қызметшіге лауазымын төмендету, атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасау немесе жұмыстан шығару сияқты тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін. Егер дәл осындай теріс қылық бір жыл ішінде қайта жасалса, ол жұмыстан шығаруға негіз болады.

Қандай сыйлықтарды қабылдауға болмайды?

Мемлекеттік қызметшілерге өз қызметтік міндеттерін орындағаны үшін ақша, қызмет көрсету түріндегі сыйақы немесе басқа да сыйлықтар алуға тыйым салынады. Сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлерден немесе қызметтік тәуелділігі бар адамдардан қамқорлық көрсеткені не көз жұма қарағаны үшін сыйлық қабылдауға болмайды.

Азаматтар немесе ұйымдар төлеп берген туристік, емделу және өзге де сапарларға шығуға да тыйым салынған. Тек заңда көзделген жағдайлар ғана бұған жатпайды. Заңсыз сыйақы немесе сыйлық алғаны үшін мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылуы мүмкін.

Егер сыйлық мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз берілсе, ол белгіленген мерзімде мемлекет меншігіне тапсырылуы тиіс. Бұл шектеулер мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелеріне де қолданылады, егер сыйлық немесе көрсетілген қызмет оның қызметтік міндеттерімен байланысты болса.

Қызметтік тексеру қалай жүргізіледі?

Алдымен мемлекеттік қызметшіден жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер ол тағылған айыппен келіспесе немесе қатаң тәртіптік жаза қолдану мәселесі қаралса, қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі.

Қызметкер істің материалдарымен танысуға, құжаттар мен түсініктемелер ұсынуға, қарау рәсіміне қатысуға және қабылданған шешімге шағым жасауға құқылы.

Осылайша, әрбір тәртіп бұзушылық міндетті түрде жұмыстан шығарумен аяқталмайды. Дегенмен заңсыз сыйақы алу, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатқа пайдалану, есірткі қолдану және мас күйінде көлік басқару сияқты әрекеттер үшін заң ең қатаң жауапкершілікті көздейді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде 

9,4 млн адам жұмыспен қамтылған: Қазақстанның еңбек нарығы қай бағытта дамып келеді?