Қытай әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлер рейтингінде қайтадан көш бастады
2017 жылдан бері алғаш рет Қытай әлемдегі ең қуатты суперкомпьютер иесі атанды. Жаңа жүйе америкалық көшбасшыны басып озды. Нәтиже қандай?
Сейсенбі күні жарияланған соңғы TOP500 рейтингінің деректеріне сәйкес, Қытай 2017 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең жылдам суперкомпьютер орналасқан ел атанды. Бұл туралы dpa-international агенттігі жазды.
Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласындағы Ұлттық суперкомпьютер орталығында орналасқан LineShine жүйесі бұған дейін көш бастап келген америкалық El Capitan суперкомпьютерін бірінші орыннан ығыстырды.
Жылына екі рет жарияланатын TOP500 рейтингі әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлерді олардың стандартталған өнімділік көрсеткіштері бойынша бағалайды. Рейтингтің соңғы нұсқасы Германияның Гамбург қаласында өткен Халықаралық суперкомпьютерлер конференциясында (ISC) таныстырылды.
LineShine жүйесінің өнімділігі 2,198 экзафлопсқа жетті. Бұл секундына 2 квинтиллионнан астам есептеу операциясын орындай алады деген сөз. Ал АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лоуренс Ливермор ұлттық зертханасында орналасқан El Capitan жүйесі 1,809 экзафлопс көрсеткішіне ие болды.
Суперкомпьютерлер климаттық модельдеу, материалтану зерттеулері, өнеркәсіптік даму және жасанды интеллект сияқты көптеген маңызды салаларда қолданылады. Сондықтан мұндай рейтингтер Қытай мен АҚШ арасындағы технологиялық бәсекелестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады.
Рейтингте АҚШ-та орналасқан El Capitan, Frontier және Aurora суперкомпьютерлері келесі үш орынды иеленді. Ал Германияның Юлих қаласындағы зерттеу орталығында әзірленген Jupiter Booster жүйесі бесінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Қазақстан да соңғы жылдары суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп келеді. 2025 жылы Астанада NVIDIA H200 платформасы негізінде Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Оның есептеу қуаты шамамен 2 экзафлопсқа жетеді және ол жасанды интеллект, ғылым, білім беру мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағыттарында қолданылуда. Сондай-ақ биыл Ақмола облысындағы Қосшы қаласында бұдан да қуатты жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланып отыр. Аталған суперкомпьютердің қазан айында іске қосылатыны белгілі болды.