Қырғыз тарапы боксшы Шүменов себепкер болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі боксшы Бейбіт Шүменов себепкер болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандағы Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі мәлім еткендей, зардап шеккен адам Қырғыз Республикасының азаматы болған екен.

2023 жылғы 13 шілдеде К.А. есімді зардап шегуші Қазақстандағы Қырғыз Республикасының елшілігіне шақырылды. Елші Д.Дюшекеевпен кездесу барысында Қырғызстан азаматына қажетті құқықтық-консулдық көмек берілді. Қазір аталған жайтқа байланысты Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары процессуалдық әрекеттерді жүргізіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында болады, - делінген көршілес ел министрлігі таратқан ақпаратта. 

Айта кетейік, Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде төбелес болды. Белгілі болғандай, бала көтерген ер адамды соққыға жыққан белгілі спортшы Бейбіт Шүменов екені анықталды. Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, қылмыс ауыр емес екенін айтты. 

Кейіннен боксшы Шүменов оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын айтып берді. 

Кеше ІІМ ресми түсініктеме беріп, қазір осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталғанын, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтінін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Egovpress телеграм-каналы
Өзгелердің жаңалығы