Қылмыс пен жаза: 2023 жылғы ең шулы сот істері
2023 жылы қазақстандық соттарда ондаған атышулы қылмыстық істер қаралып, сот үкімдері шықты. BAQ.KZ тілшісі әр іске тоқталып, өткен жылдың ең маңызды қылмыстық істерін еске түсіруді жөн көрді.
Мәсімовтің ісі: мемлекетке опасыздық және билікті басып алу әрекеті
24 сәуірде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күштеп басып алуға тырысқаны, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мәсімовтың орынбасарлары да түрмеге отырды:
- Әнуар Садықұлов 16 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Дәулет Ерғожин колонияға 15 жылға кетті;
- Марат Осипов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана соты мемлекет есебіне 10 млрд теңге және 24 млн доллар өндіріп алды. Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі "өте құпия" деген белгімен жабық форматта өтті.
Маусым айында Мәсімов орынбасарларымен бірге бірінші сатыдағы соттың шешіміне шағымдануға тырысты. Бірақ апелляциялық алқа ҰҚК-нің бұрынғы басшысы жазасын өтейтін мекеменің түрін ғана өзгерте алды, ал мерзімнің өзі өзгеріссіз қалды.
Осы тұста оның немере інісі Нұрлан Мәсімовке қатысты сот үкімі шыққанын айта кетейік. Павлодар облыстық ПД бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Боранбаевтың ісі: ұрлады, түрмеге отырды, қайтарды, бостандыққа шықты
Назарбаевтар отбасына жақын тағы бір адам, Тұңғыш президенттің үлкен қызының бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысты наурыз айында үкім шықты. Мемлекеттік мүлікті ысырап етуге көмектескені үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Сот "АзияГазЧунджа" компаниясы сұйытылған мұнай газын сатып алған кезде 14,5 миллиард теңгені ұрлады" деген эпизод төңірегінде болды.
Қыркүйек айында кәсіпкер жазасы 6 жылға дейін қысқарды. Бір айдан кейін, қазанда сот жазаның өтелмеген бөлігін бостандықты шектеуге ауыстырды. Ал қараша айында Боранбаев бостандыққа шықты. Енді ол пробациялық бақылауда болады. Ол түрмеде 2 жыл төрт ай отырып шықты.
Ол тергеу аясындағы 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды өтеді. Сондай-ақ оның 6,2 млрд теңге сомаға бірқатар активтерді тәркіледі.
Үкім шығарылғанға дейін бірнеше күн бұрын Боранбаев 90 миллиард теңгеден астам активтерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарғаны белгілі болды. Олардың ішінде: "Қаражанбас Северный" мұнай кен орны, "ҚазТурбоРемонт сервистік орталығы" мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты, Астананың орталығындағы төрт жұлдызды қонақ үй, "Алмалы" сауда-ойын-сауық кешені және Fitnation фитнес-орталықтар желісі бар.
Сондай-ақ Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 миллион доллар (30 миллиард теңге) аударды. Нәтижесінде Боранбаев мемлекетке 140,7 млрд теңге қайтарып берді.
"ӨКМ Операторының" ісі: Әлия Назарбаеваның қатысы бар ма?
2015 жылы Әлия Назарбаева "ӨКМ Операторы" кәдеге жарату компаниясын құрды. Бір жылдан кейін құрылтайшылар құрамы өзгерді. Олар "Ecowaste Solution" ЖШС және Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі болған Шынар Мұқтарова болды.
2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет компанияның көлік құралдарын кәдеге жарату құнын көтеріп, бюджеттен бірнеше рет ақша ұрлағанын анықтады.
2023 жылдың шілдесінде "ӨКМ Операторының" үш басшысы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловпен бірге нақты мерзімге сотталды. Олар:
- бұрынғы Бас директор Светлана Коротенко 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
- бұрынғы директор Медет Құмарғалиев 7 жылға сотталды;
- Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
- бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Рақымшылыққа байланысты бұл мерзім оған 1 жылға дейін қысқартылды.
Олар келтірген залалдың жалпы сомасы 26,8 млрд теңге болды.
Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Әлияның үй қызметшісі болған Шынар Мұқтарова бұрынғы құрылтайшы ретінде 7 жылға шартты түрде сотталды.
"Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің ісі: 45 сотталушы
"Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің және 44 адамның сот отырысы жабық өтпек. Іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куәгер және бір сотталушы тарап сот отырысын жабық түрде өткізуді сұраған. Сотталушылардың жалпы саны 45 адам.
Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.
Еске сала кетейік, 7 қаңтарда Алматыда полицейлер танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстады. Бас прокуратура 7 ақпанда ол қандай қылмыс үшін ұсталғанын айтып берді. Жұмагелдиевтің қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
14 қыркүйекте өткен алғашқы сот отырысында Арман Жұмагелдиев сот залында болмады. Жұмагелдиев пен қоса 44 адамнан жауап онлайн алынды.
Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі: Экс-министр 8 жылға сотталды
Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Еске салсақ, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын. Ал 16 маусымда Астана қаласы Байқоңыр ауданының 2 сотында ол соңғы сөзін сөйлеп, кез келген жазаға келісетінін, бірақ бюджет қаражатын жымқыру деген айыппен келіспейтінін айтқан болатын.
Құрметті судья, мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасы болса да. Бірақ жымқырды дегенге емес. Қазақтың керемет мақалы бар: «Өлімнен ұят күшті». Мен 60 жыл лайықты өмір сүрдім, - деп мәлімдеді экс-министр.
Сондай-ақ Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді.
Төреғали Төрәлінің ісі: Сот шешімі - көше сыпыру
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодекстің 378-бабы, 1-бөлімі, яғни билік өкілдерін өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлау фактісі бойынша Төреғали Төрәліге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Прокурор әншіні кінәлі деп тануды және 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер айыпкерге заңға сәйкес жаза тағайындауды сұраған болатын.
Сот үкімі шыққаннан кейін әнші кінәсін мойындап, мұндай істің "западло" емес екенін мәлімдеді.
Бұл "западло" емес. Өзіміздің ауламызды сыпырамыз, қоқыс төгіп келу деген сияқты ғой. Бұл жұмыс, айналып келгенде, Пайғамбар сүннетіне келеді ғой негізі. Өз жатқан-тұрған жеріңді таза ұстау, ертеңгі ас құятын ыдысыңды бүгін жуып қою деген нәрсенің бәрі - тазалық иманнан емес пе? Аман болыңыздар! Ананың бәрін жинап тастадық, - дейді Төреғали Төреәлі.