Құтқарушылар жанып жатқан коттеджден бір баланы аман алып қалды
Елордада 900 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді.
Құтқарушылар ауқымды тілсіз жаумен күрес барысында үлкен жарылыстың алдын алып, бір баланы аман-есен құтқарды. 900 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толықтай ауыздықталды.
Төтенше жағдайлар қызметінің нақтыланған мәліметі бойынша, өрт бір уақытта екі ірі нысанды шарпыған:
- Екі қабатты тұрғын емес ғимараттың шатыры мен екінші қабаты;
- Осы ғимараттың дәл жанында орналасқан екі қабатты тұрғын коттедждің шатыры.
Өрттің жалпы аумағы 900 шаршы метр болған. Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында жалын толықтай сөндірілді.
Өртті сөндіру және барлау жұмыстары барысында ТЖД қызметкерлері жанып жатқан коттедж ішінен бір баланы дер кезінде тауып, сыртқа алып шықты. Оның өміріне қазір қауіп төніп тұрған жоқ.
Сонымен қатар, жалын шарпыған аймақтан құтқарушылар екі газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Бұл әрекет тұрғын үйлер арасында орын алуы мүмкін жойқын жарылыстың алдын алды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мамандар тарапынан зерттеліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада екі қабатты ғимараттың шатыры толықтай жанып жатқаны жайында жазған едік.