27 Шілде 2026, 13:27 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Құрылыс қарқыны ең жоғары өңірлер белгілі болды

Өңірлердің даму динамикасы: Қай облыстарда құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр?

Құрылыс жұмыстарының ең жоғары өсу қарқыны Ұлытау, Абай және Қызылорда облыстарында болады деп болжануда. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс еліміздегі өсу қарқыны ең жоғары сала болып қала береді. Жеті айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің одан әрі артуы және саладағы жоғары динамиканың сақталуы күтілуде.

Отырыста басты назар мұнай-газ емес секторға аударылды. Мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуі жағдайында дəл осы салалар экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші болып отыр. Сөз құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы туралы болып отыр.

Өңдеу өнеркәсібі өсімін жеделдетті

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,8%-ға артты. Негізгі үлесті өсім 23,2%-ды құраған машина жасау, 19%-ды құраған химия өнеркәсібі, 14,7%-ды құраған тамақ өнімдерін өндіру және 89,2%-ды құраған жеңіл өнеркәсіп қамтамасыз етті. Жеті айдың қорытындысы бойынша осыған ұқсас қарқынның сақталуы күтілуде.

Сауда саласында да оң динамика байқалады. Бірінші жартыжылдықта тауар айналымы 36,2 трлн теңгеге жетіп, сауданың нақты көлем индексі 105,7%-ды құрады. Өңірлерге жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуды көздейтін сауданы дамытудың жол карталарын іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Көлік саласында тасымалдау көлемі артып келеді. Алайда бұл қарқынды мұнай мен газ тасымалдаудың төмендеуі баяулатып отыр. Серік Жұманғарин ең алдымен теміржол және автомобиль бағыттарында елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануды тапсырды.

Ауыл шаруашылығының өсуі жалғасуда

Ауыл шаруашылығында жеті айдың қорытындысы бойынша тұрақты өсім, сондай-ақ тамақ өнімдері мен сусындар өндірісінің артуы күтілуде. Бұл динамиканы өнім жинау науқаны, мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен қаржыландырудың рекордтық көлемі қамтамасыз етуде. Саланың өсуіне 2024 және 2025 жылдары жеңілдетілген шарттармен салынған, қазіргі уақытта жобалық қуатына шығып жатқан тауарлы-сүт фермалары айтарлықтай үлес қоса бастады. Бұл сүт өндірісінен көрініс табуда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оның көлемі 1,9 млн тоннаны құрады, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға артық.

Отырысты қорытындылай келе Серік Жұманғарин Қазақстанда ұзақмерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуі тиіс ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатқанын атап өтті.

«Осыған байланысты, ұзақмерзімді экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін және өңірлік стандарттар жүйесінде көзделген, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын көпірлерге, өткелдерге, негізгі көлік магистральдары мен энергетика нысандарына ерекше назар аудара отырып, денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала объектілері сапалы жобаларды дайындауы қажет. Елімізде белсенді даму жалғасуда, сол себепті де жүзеге асырылатын жобалардың көлемі жыл сайын артып отыруы тиіс»– деп атап өтті вице-премьер.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау, Қызылорда және Павлодар облыстары құрылыс саласында ең жоғары өсім көрсеткені хабарланды