Құрылыс кодексі: Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінің жобасындағы маңызды жаңалықтарды бөлісті. Сөзінше, жаңа кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыс саласындағы көптеген ережелер мен нормалар әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде салада ірі өзгерістер жасалып, нормативтік база бірнеше рет қайта қаралды. 2010-2020 жылдар аралығында техникалық реттеу жүйесінде ауқымды реформа жүргізіліп, еурокодтар жүйесі енгізілді. Қауіпсіздік пен энергия тиімділігіне қатысты құжаттар жаңартылды, - деді министр.
Сөзінше, кейбір нормалар әлі де ескіріп, қазіргі заман талаптарына толық сай емес. Осыны ескере отырып, жаңа Құрылыс кодексінде техникалық нормалау жүйесіне ерекше назар аударылған.
Жоба аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланып отыр. Бұл институт нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарын басқарады, қолданылуын бақылайды және қажетті түсіндірмелер береді. Сонымен қатар жаңа технологиялар мен тәжірибелерді ескере отырып, өзгерістер енгізуді ұсынып отырады, - деп айтты Нағаспаев.
Сонымен бірге құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер және құрылыс материалдары бағыттары бойынша арнайы техникалық комитеттер құрылады. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады.
Бұған дейін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі таныстырылды.