8 Қыркүйек 2026, 12:01 Фото: ©️ BAQ.KZ / Артем Чурсинов

Құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздік мәселесі: Алматыдағы жағдай қандай?

Астанада крандардың құлауына байланысты құрылыс алаңдарында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліе бастады. Мұндай тексерістер Алматыда да қолға алына ма? Бұл сұраққа Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бөлім басшысы Ануар Төлеуғали жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары құрылыс нысандарын қоса алғанда, барлық кәсіпорындарда тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Ануар Төлеуғалидің сөзінше, бұл жұмыстар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын түсіндіруге бағытталған.

Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты негізде профилактикалық жұмыстарды, яғни түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар құрылыс нысандарын да қамтиды. Сонымен қатар Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Жақында ірі құрылыс компанияларының қатысуымен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелері бойынша кеңес өткізілді, – деді ол.

Сондай-ақ бөлім басшысы азаматтар мен мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс тексерулер тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Оның мәліметінше, Алматы қаласы бойынша мұнаралы крандарға қатысты арнайы жоспарлы тексерулер жүргізу жөнінде әзірге тапсырма түспеген.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша мұнаралы крандарға қатысты арнайы тексерулер жүргізу жөнінде нақты тапсырма болған жоқ. Дегенмен бұл мәселе тұрақты бақылауда тұр, – деді Ануар Төлеуғали.

Журналистің Алматыда қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген-жүргізілмегені туралы сұрағына жауап берген бөлім басшысы мұндай тексерулердің заңнамада белгіленген негіздер болған жағдайда ғана ұйымдастырылатынын атап өтті.

Оның айтуынша, жоспардан тыс тексерулер жүргізудің барлық негіздері Кәсіпкерлік кодексінде көрсетілген. Азаматтардан немесе мемлекеттік органдардан өтініштер мен ақпарат түскен жағдайда, тексерулер заң талаптарына сәйкес өткізіледі.

Сонымен қатар еңбек инспекциясы анықталған заңбұзушылықтар үшін жұмыс берушілер мен құрылыс компанияларына қандай шаралар қолданылатынын түсіндірді.

Ануар Төлеуғалидің айтуынша, жоспардан тыс тексерулер немесе жазатайым оқиғаларға байланысты жүргізілген тергеулер нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталса, алдымен оларды жою туралы нұсқама беріледі.

Егер тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылық анықталса, оны жою жөнінде нұсқама шығарылады. Ал анықталған құқық бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарына сәйкес келсе, әкімшілік хаттама толтырылады, – деді ол.

Еске салайық, 28 тамызда Астанада құрылыста кран құлап, жұмысшы қаза тапқан еді. Сонымен қатар, бұған дейін Ануар Төлеуғали өндірістегі жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандырудың маңызы мен жұмыс берушілердің жауапкершілігі туралы түсіндірген еді