Бүгiн 2026, 18:50 Фото: gov.kz

Құрылтай сайлауына қажет 21 құжат бекітілді 

Оның ішінде кандидаттарды ұсыну, тіркеу кезеңдеріне, кейбір рәсімдік мәселелерге және дауыс беру қорытындыларына қатысты нысандар бар.

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге арналған сайлау құжаттарының 21 нысанын бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комиссия мүшесі Азамат Айманақұмовтың мәлімдеуінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабы 6-тармақшасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді.

Осыған байланысты Құрылтайға сайлау науқаны бойынша сайлау құжаттарының 21 нысаны әзірленді. Ұсынылып отырған сайлау құжаттарының нысандары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, науқанның нақты кезеңдерінде сайлау комиссияларының сайлау рәсімдерін ресімдеуіне арналған. Оның ішінде кандидаттарды ұсыну, тіркеу кезеңдеріне, кейбір рәсімдік мәселелерге және дауыс беру қорытындыларына қатысты нысандар бар, – дейді Айманақұмов. 

Оның сөзінше, сайлау құжаттарының нысандары Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында орналастырылады.

Бұған дейін Құрылтай депутаты болуға кімдер үміткер бола алмайтыны хабарланды