12 Тамыз 2026, 17:20 Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Құрылтай сайлауына әлемнің түкпір-түкпірінен 656 байқаушы аккредиттелді

Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылауға қатысатын шетелдік және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатары толықты. Орталық сайлау комиссиясы тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олар 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымның атынан сайлауға байқаушы ретінде қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді.

«Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 7 шет мемлекет пен 9 халықаралық ұйымнан 405 байқаушының кандидатурасы аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде ТМД Байқаушылар миссиясынан – 75, ТМД ПАА-нан - 23, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясынан - 208, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан - 23, Түркі мемлекеттері ұйымы Байқаушылар миссиясынан – 10, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Байқаушылар миссиясынан – 22, ШЫҰ Байқаушылар миссиясынан – 11, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінен (АӨСШК) – 9, Азық-түлік қауіпсіздігі ислам ұйымынан - 7, сондай-ақ Литва, Түркия, Грузия, Солтүстік Македония, Эстония, Нидерланд Корольдігі және Тәжікстаннан - 17 байқаушы бар», - деп атап өтті Мұхтар Ерман.

ОСК мәліметінше, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу процесі мұнымен аяқталған жоқ. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан жаңа ұсыныстар түскен сайын аккредиттелген байқаушылар жөніндегі мәлімет те жаңартылып отырады.

Бүгінгі шешімнен кейін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына аккредиттелген халықаралық байқаушылардың жалпы саны 656-ға жетті.

Еске салайық, бұған дейін қорытынды телепікірсайыс 19 тамызда «24KZ» арнасында өтетіні хабарланды