23 Шілде 2026, 19:29 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай сайлауы: Блиц-сауалнама әлеуметтік сауалнамаға жатпайды – Қанат Ысқақов

Сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде оны өткізген ұйым, тапсырыс беруші, сауалнама жүргізілген уақыт, респонденттер саны мен зерттеу әдісі туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов сайлау науқаны кезінде журналистер жүргізетін блиц-сауалнама мен қоғамдық пікірді зерттеуге арналған әлеуметтік сауалнаманың айырмашылығын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, сайлау кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін белгіленген талаптарды сақтамай жариялау.

Сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамасын тек заңнама талаптарына сәйкес жұмыс істейтін және бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар еткен тіркелген заңды тұлғалар жүргізе алады. Сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде оны өткізген ұйым, тапсырыс беруші, сауалнама жүргізілген уақыт, респонденттер саны мен зерттеу әдісі туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.

Қанат Ысқақов журналистердің көшеде немесе қоғамдық орындарда азаматтардан жедел пікір сұрауы әлеуметтік зерттеу болып саналмайтынын атап өтті.

Әлеуметтік сауалнама – қоғамдық пікірді арнайы тіркелген ұйымның өлшеуі. Ал сіздер айтып отырған нәрсе – блиц-сауалнама. Блиц-сауалнама әлеуметтік сауалнамаға жатпайды. Заңмен міндетті түрде реттелетін әлеуметтік сауалнама мен журналистік репортаждың бір әдісі саналатын блиц-сауалнаманы ажырата білу керек. Блиц-сауалнама – әлеуметтік сауалнама емес, – дейді вице-министр.

Бұған дейін Қанат Ысқақов БАҚ-тағы сайлау үгітінің тәртібін түсіндірді.