Құрылтай «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының орындалуын бақылауды күшейтуді ұсынды
Арнайы педагогтер тапшылығы, кешкі мектептерге ауыстыру, тергеу изоляторындағы балалардың білімі. Депутаттар тағы қандай мәселелерді көтерді?
Құрылтай депутаттары «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға қатысты бірқатар ұсыным әзірледі. Негізгі ұсыныстар қатарында арнайы педагогтер тапшылығын жою, мектеп психологтарының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, кәмелетке толмағандарды кешкі мектептерге ауыстыру негізділігін тексеру және тергеу изоляторларында отырған балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұсынымдар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуына арналған Үкімет сағатының қорытындысы бойынша әзірленген. Олар Оқу-ағарту министрлігіне және іс-шаралар жоспарының орындалуына жауапты басқа да мемлекеттік органдарға жолданды.
Педагогтер тапшылығы және мектеп психологтарына жағдай жасау
Депутаттар басым бағыттардың бірі ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауды атады.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне арнайы педагогтерге деген өңірлік қажеттіліктің картасын әзірлеп, кадр тапшылығын кезең-кезеңімен жою жоспарын бекіту ұсынылды.
Бұдан бөлек, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларындағы ақпараттық жүйелердің деректерін біріктіру ұсынылып отыр. Бұл әртүрлі себептермен білім беру үдерісінен тыс қалған балаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Мектеп психологтарының жұмыс жағдайына да ерекше назар аударылды. Депутаттар мамандарды балалармен құпия жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жеке, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттермен қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыру шараларын қабылдауды ұсынды.
Балаларды кешкі мектептерге ауыстыру негізділігі тексеріледі
Тағы бір ұсыным кәмелетке толмағандарды кешкі мектептерге ауыстыру мәселесіне қатысты.
Депутаттар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндай шешімдердің қаншалықты негізді болғанын тексеруді, ауыстыру себептерін анықтауды және кейін олардың қаншасы жалпы білім беретін мектептерге қайта оралғанын зерделеуді ұсынды.
Сондай-ақ тергеу изоляторларында отырған кәмелетке толмағандардың білім алуына қатысты мәселені шешу үшін нақты мерзім белгіленген.
Ұсынымдарға сәйкес, 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін олардың орта білім алуына қажетті жағдай жасалуы керек.
Ауылдарда үйірмелер мен балалар клубтарын дамыту ұсынылды
Депутаттар балалардың қосымша білім алу мүмкіндіктері мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне де назар аударды.
Оқу-ағарту министрлігіне Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанынан үйірмелер ашу және олардың жұмысын жаңғырту жоспарларын әзірлеу ұсынылды.
Атап айтқанда, техникалық шығармашылықпен айналысуға, робототехниканы меңгеруге және цифрлық дағдыларды игеруге арналған мүмкіндіктерді кеңейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар жетім балаларға арналған ұйымдар мен арнайы білім беру мекемелерін жөндеу және жаңарту міндеттері де белгіленген.
Полиция есебіндегі отбасылардың балаларына тәлімгер бекіту ұсынылды
Жеке ұсыныстардың бірі полиция органдарында есепте тұрған отбасылардағы кәмелетке толмағандарға қатысты болды.
Депутаттар мұндай балаларға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың өкілдері, мәслихат депутаттары мен бизнес-қоғамдастық мүшелері арасынан тәлімгер бекітуді ұсынды.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігіне Балалардың әл-ауқаты индексін қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.
Атап айтқанда, объективті әлеуметтік-экономикалық және білім беру көрсеткіштерін баланың психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын сипаттайтын өлшемшарттардан ажырату қажеттігі айтылды.
Қабылданған шаралардың тиімділігі жыл сайын бағаланады
Ұсынымдар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелерін де қамтиды.
Жауапты министрліктер мен ведомстволарға іс-шараларды орындау тетіктерін алдын ала пысықтап, шешімдерді Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Құрылтайдың бейінді комитетімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп талқылау ұсынылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың мүдделеріне тікелей қатысты мәселелерді талқылауға балалар мен жастардың өздерін де белсенді түрде тарту қажеттігі атап өтілді.
Депутаттар қабылданған шаралардың балалардың өмір сүру сапасына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне және өңірлер арасындағы айырмашылықтардың қысқаруына ықпалын жыл сайын бағалауды да ұсынды.
Әзірленген ұсынымдар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы әрі уақтылы іске асыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.
Еске салсақ, Қазақстанда соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға тиісті қолдау көрсетілді.
Тағы оқи отырыңыз: 7 млн баланың болашағына 1,3 трлн теңге: «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қалай жүзеге асып жатыр?