18 Тамыз 2026, 14:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Құрылтай депутаты нақты не істей алады: Өкілеттігі мен мүмкіндігіне шолу

Құрылтайға өткен бір депутаттың нақты қолынан не келеді? Министрді қызметінен кетіре ала ма? Мектеп немесе жол салуға ықпал ете ме? Үкіметтен не талап ете алады? Толығырақ ақпараттан оқи аласыз.

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар біртұтас жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен сайланып, бес жыл қызмет етеді.

Жаңа Парламентке заң қабылдау, Үкімет жұмысын бақылау, республикалық бюджетті қарау және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаны тағайындауға келісім беру сияқты маңызды өкілеттіктер берілген. Алайда бұл мүмкіндіктердің бәрін бір депутат жеке өзі пайдалана алады деген сөз емес.

Сонда Құрылтайға өткен бір депутаттың нақты қолынан не келеді? Министрді қызметінен кетіре ала ма? Мектеп немесе жол салуға ықпал ете ме? Үкіметтен не талап ете алады? BAQ.KZ жаңа Конституция мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда қарастырылған негізгі тетіктерге шолу жасады.

Депутат жаңа заң ұсына ала ма?

Құрылтай депутатының негізгі міндетінің бірі – заң шығару жұмысына қатысу.

Конституцияның 60-бабына сәйкес заң шығару бастамасы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі. Яғни депутат жаңа заң жобасын ұсынып қана қоймай, қаралып жатқан құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасай алады.

Бұл салық, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, кәсіпкерлік, экология, еңбек қатынастары, қорғаныс пен қауіпсіздік сияқты түрлі салаға қатысты болуы мүмкін.

Алайда мұнда маңызды шектеу бар. Егер депутаттың бастамасы мемлекеттік шығысты көбейтетін немесе бюджет кірісін азайтатын болса, оны енгізу үшін Үкіметтің оң қорытындысы қажет.

Мәселен, депутат белгілі бір әлеуметтік төлемді көбейтуді ұсына алады. Бірақ бұл бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етсе, Үкіметтің оң қорытындысынсыз бастаманы заң жобасы ретінде әрі қарай өткізу мүмкін емес.

Яғни депутат мәселені көтеріп, оны заң арқылы шешудің жолын ұсына алады. Ал бюджетке тікелей әсер ететін бастамаларда атқарушы биліктің ұстанымы да ескеріледі.

Министр мен әкімге депутаттық сауал жолдай алады

Депутаттың Үкімет пен мемлекеттік органдарға ықпал ететін негізгі құралдарының бірі – депутаттық сауал.

Құрылтай депутаты Премьер-министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық банк төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, Жоғары аудиторлық палата төрағасы мен мүшелеріне, Бас прокурорға, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, сондай-ақ облыстардың, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне ресми сауал жолдай алады.

Заң бойынша мұндай сауалға бір айдан аспайтын мерзімде жауап берілуге тиіс. Депутат талап етсе, жауап Құрылтай отырысында жариялануы мүмкін. Бұл тетік қоғамдағы нақты мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеруге мүмкіндік береді.

Мәселен, мектеп құрылысы тоқтап қалса, мемлекеттік бағдарлама орындалмаса немесе белгілі бір салада бюджет қаражатын игеру мәселесі туындаса, депутат тиісті министрден немесе әкімнен оның себебін ресми түрде сұрай алады.

Алайда депутаттық сауалды тікелей тапсырмамен шатастыруға болмайды. Депутат министрге «мына жолды жөнде» немесе әкімге «осы ауылға мектеп сал» деп міндеттейтін бұйрық бере алмайды. Атқарушылық шешім қабылдау Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады.

Бұған қоса Бас прокурорға, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданатын депутаттық сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыру мәселелеріне қатысты болмауға тиіс.

Депутат мектеп немесе жол салдыра ала ма?

Сайлау кезінде депутат кандидаттарына қойылатын талаптың бірі – белгілі бір елді мекенге мектеп, аурухана салдыру немесе жол жөндету.

Алайда депутаттың өзі бюджеттен нақты бір нысанға ақша бөле алмайды.

Республикалық бюджет жобасын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді, Үкімет оны Құрылтайға ұсынады. Ал Құрылтай бюджет туралы заңды қарайды және қабылдайды.

Сондықтан депутат белгілі бір мәселенің бюджетте ескерілуіне ықпал ете алады, тиісті ұсыныс енгізеді, министрліктен немесе әкімдіктен түсініктеме сұрайды, мәселені комитетте немесе Құрылтай отырысында көтереді.

Бірақ мемлекеттік сатып алу өткізу, нақты құрылысқа қаражат бөлу немесе жұмысты бастап кету депутаттың құзыретіне кірмейді.

Сондықтан депутаттың жұмысын «мектеп салып берді» немесе «жол жөндеп берді» деген өлшеммен ғана бағалау дұрыс емес. Негізгі сұрақ – мәселені көтере алды ма, оны бюджетке немесе заңға енгізуге ықпал етті ме және жауапты органнан нәтиже талап ете алды ма?

Бір депутат министрді жұмыстан шығара алмайды

Құрылтайдың Үкімет мүшелеріне қатысты да саяси тетіктері бар. Бірақ оларды іске қосу үшін бір депутаттың бастамасы жеткіліксіз.

Үкімет мүшесінің қызметі туралы есепті тыңдауға Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі бастама жасай алады.

145 депутаттың үштен бірі – кемінде 49 депутат.

Егер есепті тыңдау барысында Үкімет мүшесінің Қазақстан заңдарын орындамағаны анықталса, депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі Президентке оны қызметінен босату туралы өтініш білдіре алады.

Бұл – кемінде 97 депутат.

Мұндай жағдайда Конституция Президенттің тиісті Үкімет мүшесін қызметінен босататынын бекітеді.

Яғни бір депутат министрді өздігінен орнынан ала алмайды. Бірақ мәселені көтеріп, басқа депутаттардың қолдауын жинаса, саяси рәсімнің басталуына ықпал ете алады.

Үкіметке сенімсіздік білдіру үшін қанша депутат керек?

Құрылтай тұтас Үкіметке де сенімсіздік білдіре алады.

Мұндай бастаманы Құрылтай депутаттарының кемінде бестен бірі көтеруге тиіс. 145 депутаттың бестен бірі – 29 депутат.

Ал сенімсіздік вотумын қабылдау үшін депутаттардың жалпы санының көпшілігі қолдауы керек. Яғни кемінде 73 дауыс қажет.

Алайда сенімсіздік вотумы қабылданса, Үкімет сол сәтте автоматты түрде қызметінен кетпейді.

Мұндай жағдайда Үкімет Президентке отставкаға кету туралы мәлімдейді. Президент он күн ішінде оны қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарады.

Сондықтан 29 депутат Үкіметті отставкаға жібере алмайды. Олар тек сенімсіздік білдіру рәсімін бастауға мүмкіндік алады.

Бюджет есебін қабылдамаудың да саяси салдары бар

Құрылтай жыл сайын Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарайды.

Егер депутаттар Үкіметтің республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебін бекітпесе, Конституция бойынша бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру болып есептеледі.

Демек бюджет есебін қарау жай ғана қаржының қалай жұмсалғанын талқылаумен шектелмейді. Белгілі бір жағдайда оның Үкімет үшін саяси салдары болуы мүмкін.

Премьер-министрді тағайындауға қатысады

Құрылтай маңызды кадрлық шешімдерге де қатысады.

Президент Премьер-министр кандидатурасын Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Құрылтай қарауына енгізеді. Депутаттардың жалпы санының көпшілігі келісім берген жағдайда Президент Премьер-министрді тағайындайды.

Вице-президентті тағайындау үшін де Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауыспен берген келісімі қажет.

Сонымен қатар Президент Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау кезінде Құрылтайдың келісімін алады.

Ал Жоғарғы сот судьяларын Құрылтай Президенттің ұсынуымен сайлайды және қызметінен босатады.

Әрине, бір депутат мұндай кадрлық шешімді жалғыз өзі қабылдамайды. Бірақ оның дауысы Құрылтайдың ортақ шешіміне әсер етеді.

Партиядан шыққан депутат мандатынан айырылады

Жаңа Құрылтайдың ерекшелігінің бірі – барлық 145 депутаттың партиялық тізім бойынша сайлануы.

Депутаттар біртұтас жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Бұрынғы Мәжілістегідей бірмандатты округ арқылы өтетін депутаттар болмайды.

Конституцияға сәйкес депутат өзі сайланған саяси партиядан шықса немесе партия оны мүшеліктен шығарса, мандатынан айырылады. Партияның қызметі тоқтатылған жағдайда да депутаттың өкілеттігі тоқтайды.

Бұл Құрылтайдағы партиялық фракциялардың рөлін арттырады. Депутат тек жеке саясаткер ретінде емес, оны Парламентке өткізген партияның өкілі ретінде де әрекет етеді.

Бір депутаттың нақты күші қандай?

Қарапайым тілмен айтқанда, бір Құрылтай депутаты министрге немесе әкімге бұйрық бере алмайды. Ол бюджеттен өзі қалаған жобаға ақша бөліп, министрді жеке шешімімен жұмыстан шығара алмайды.

Бірақ оның қолында нақты саяси және құқықтық құралдар бар.

Депутат жаңа заң ұсына алады, қолданыстағы заңдарға түзету енгізуге бастама жасайды, заңда көрсетілген лауазымды тұлғаларға депутаттық сауал жолдайды, мәселені Құрылтай деңгейінде көтереді және заңдар мен басқа да шешімдерге дауыс береді.

Ал депутаттар бірігіп әрекет еткен кезде олардың мүмкіндігі айтарлықтай кеңейеді.

29 депутат – Үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін көтере алады.

49 депутат – Үкімет мүшесінің қызметі туралы есепті тыңдауға бастама жасай алады.

73 депутат – Конституцияда өзгеше талап көзделмесе, заңдар мен Құрылтай қаулыларын қабылдауға жеткілікті көпшілік.

97 депутат – заңдарды орындамаған Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы Президентке өтініш білдіре алады. Конституциялық заңдарды қабылдау үшін де кемінде осынша дауыс қажет.

Сондықтан Құрылтай депутатының жұмысын тек қанша мәселе көтергенімен бағалау жеткіліксіз. Оның бастамасы заңға айналды ма, басқа депутаттардың қолдауын жинай алды ма, Үкіметтен нақты жауап талап етті ме және маңызды дауыс берулерде қандай позиция ұстанды – депутаттың нақты саяси салмағы осыдан көрінеді. Жаңа Құрылтайдың құқықтық тетіктері заңда белгіленген. Ендігі мәселе – 23 тамыздағы сайлаудан кейін депутаттардың осы мүмкіндіктерді іс жүзінде қаншалықты белсенді пайдалана алатынында.

Тағы оқи отырыңыз: Бірінші Құрылтайға кімдер барады? 545 кандидаттың портреті