Кеше 2026, 12:19 Фото: pixabay.com

Құрбан айтта ет сатып аларда неге мән беру керек? – СЭС ескертеді

Құрбандыққа шалынатын малды тек арнайы белгіленген орындарда – ресми мал сою пункттері мен жергілікті атқарушы органдар бекіткен алаңдарда сою қажет.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Құрбан айт мерекесі кезінде мал сою, етті сақтау және тұтыну барысында санитариялық әрі ветеринариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Департамент басшысының орынбасары М.Қ. Арыспаевтың айтуынша, бұл талаптар инфекциялық және паразиттік аурулардың таралуының алдын алып, тағамнан улану жағдайларын болдырмауға бағытталған.

Мамандардың ескертуінше, құрбандыққа шалынатын малды тек арнайы белгіленген орындарда - ресми мал сою пункттері мен жергілікті атқарушы органдар бекіткен алаңдарда сою қажет.

 Мамандандырылған орындарда барлық санитариялық жағдай жасалған. Мұнда мал сою алдында ветеринариялық тексеруден өтеді. Сонымен қатар, сойылғаннан кейін етке ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізіледі. Бұл – халық денсаулығы үшін маңызды, – деді департамент өкілі.

Сондай-ақ ведомство аулаларда, тұрғын үйлердің маңында немесе рұқсат етілмеген жерлерде мал союға тыйым салынатынын ескертті. Өйткені мұндай жағдайлар инфекцияның таралуына, қоршаған ортаның ластануына және жұқпалы аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Департамент өкілдері ет өнімдерін сақтау талаптарына да ерекше назар аударды.

Сойылған ет міндетті түрде салқындатылған күйде сақталуы тиіс. Етті күн астында, көлік ішінде немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт ұстауға болмайды, – деді ол.

Сонымен қатар тұрғындарға ет сатып аларда оның түсіне, иісіне және сыртқы түріне мән беру ұсынылды. Жаңа сойылған етте бөгде иіс, шырыш немесе жабысқақтық болмауы қажет.

Етті тұтынар алдында міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткізу керек. Шикі етпен жұмыс істегеннен кейін қолды мұқият жуу, дайын өнімдерге арналған ыдыстарды бөлек пайдалану маңызды, – деп ескертеді.

Департамент азаматтарды ет өнімдерін тек арнайы сауда орындарынан және ветеринариялық ілеспе құжаттары болған жағдайда ғана сатып алуға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бойынша Құрбан айт намазының уақыты белгіленгені хабарланды.