Құрбан айт: Алматыда мал бағасы қанша?
Алматыда биыл құрбандық шалуға 14 орын белгіленді. Оның ішінде «Тау Самалы» базары бар. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі мал бағасы мен сойылатын орындарды аралап қайтқан еді.
Құрбан айт – бүкіл әлемдегі мұсылмандар үшін ең маңызды және қасиетті мерекелердің бірі. Құрбан айт мерекесі қарсаңында сауаптан гөрі көп табыс табуды жөн көретін саудагерлер де бар. Дегенмен, біз аралаған «Тау Самалы» базарында баға тұрақты.
Онда қой бағасы 40 мың тегеден басталып, 120 мың теңгеге дейін барады. Тек қой сою бағасы 5000–10000 мың теңге аралығында, бас-сирақ үйіту 1000 теңге, ішек-қарын тазалау 1000 теңге тұрады.
Бізде 4 қора бар. Шамамен 500-ге жуық қойымыз бар. Баға тұрақты, қымбаттатқан жоқпыз. Себебі жазда шөп шүйгін, малдар семіз болды. Осы жұмысты істеп келе жатқаныма 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Қарамағымда 7-8 қызметкер бар. Барлығы осы арқылы нәпақасын тауып отыр. Шөпті осы базардан аламыз, құдайға шүкір, тұрақты сатып алушыларымыз бар, – дейді сатушы Батыржан Сәмбетпаев.
Алматы қаласына малдар Алматы, Жамбыл облысынан, Түрген, Есік қаласынан әкелініп жатыр. Мұнда орташа баға 65-70 мың көлемінде.
Әлеуметтік желілерде малдың ішек-қарын алмай кетіп, обал болғанын көреміз. Ал бұнда ішек-қарын мен үйітілген бас ысырап болмайды.
Бізде мал соятын арнайы орнымыз бар. Көпшілігі малдың ішек-қарнын қалдырып кетеді. Дегенмен оның да иесі табылады. Аз қамтылған, мұқтаж отбасылар алып кетеді. Осылайша, ысырапшылдыққа жол бермейміз, – дейді сатушы Батыржан Сәмбетпаев.
Базарда қойдан бөлек, түйе, жылқы және ірі қара малдарын кездестіруге болады. Бұнда да баға тұрақты дейді саудагерлер.
Ірі қара малдарды Алматы облысындағы фазендалардан алдырамыз. Ірі қара 350 000 – 1 млн теңге аралығын қамтиды. Айта кетейік, 2-3 жасар бұқалар 350 мың теңге тұрады. Ал асыл тұқымды ірі қара 1 млн теңгені қамтиды. Жыл сайын сауда қарқынды жүреді. Ірі қараны қалталы, бай-қуатты азаматтар алады, кейде 3-4 үй бірігіп алып жататын кездер болады. Сол себептен баға тұрақты деп ойлаймын, – дейді Берік есімді саудагер.
Еске салайық, кеше Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан онлайн брифинг барысында алдағы Айт кезінде құрбандық шалу рәсімі қалай өтетінін айтқан еді.
Алматы қаласында құрбандық шалуға рұқсат етілген орындардың тізімі жарияланды.