«Құқықтық көмек» жобасы іске қосылды

«АМАNАТ» партиясы сарапшылардың қатысуымен азаматтарды құқықтық қорғауға арналған «Құқықтық көмек» жобасын әзірлеп, іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы партия төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру аясында адам құқықтары мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Елімізде Конституциялық Сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Құқықтық мәселелер халық арасында зор маңызға ие. Сотта және мемлекеттік органдарда өз мүддесін сауатты қорғай алатын азаматтар ғана заң үстемдігіне негізделген күшті қоғам құра алады, Сондықтан «АМАNАТ» партиясы сарапшылардың қатысуымен азаматтарды құқықтық қорғауға арналған «Құқықтық көмек» жобасын әзірлеп, іске қосты. Бұл - бірінші кезекте шалғай ауылдардың тұрғындарына бағытталған бірегей бағдарлама, - деді партия төрағасы.

Сондай-ақ ол бүгін Атырау облысының Исатай ауданында болғанын айтты.

Бүгін белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанмен бірге Атырау облысының Исатай ауданында болдық. Онда пилоттық режимде осы «Құқықтық көмек» жобасы жұмысын бастады. Жоба аясында заңгерлер облыс аумағын аралап, азаматтарға жергілікті жерлерде құқықтық көмек көрсетеді. Бұл талап-арыздарды дайындауға, соттарда, қылмыстық қудалау органдарында және т.б. жерлерде мүдделерді қорғауға көмектеседі. Тұрғындарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі, - деп жазды ол.

Қошанов бұл бастама бүкіл еліміз бойынша қолдау тауып, үлкен нәтиже береріне сенім білдірді.

Бұл - партияның Қазақстан халқына дер кезінде нақты көмек көрсетіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыруға үлес қосып отырған көп саланың бірі ғана, - деді партия төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы