Бүгiн 2026, 17:41 Фото: видеодан скриншот

Қуат Хамитовке Атырауда түсірілген даулы видеодан кейін айыппұл салынды

ММА файтері Қуат Хамитов көлік жүргізген кезде қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланған видеодан кейін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовты жауапкершілікке тартты.

Желіде жарияланған видеода Атыраудағы Әбілқайыр хан даңғылымен қозғалып бара жатқан көліктен бір бойжеткеннің терезеден басын шығарып, спортшымен сұхбат құрғанын көруге болады. Осы уақытта қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов қауіпсіздік белдігін тақпастан көлік жүргізіп келе жатқан.

Атырау облысының ПД баспасөз қызметі Қуат Хамитовке айыппұл салынғанын хабарлады. 

Toyota Camry автокөлігінің 24 және 22 жастағы жолаушылары қауіпсіздік белдігін тақпағаны және қозғалыс кезінде көліктен денесін шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 20 жастағы көлік жүргізушісі аталған құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Ал Mustang автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атырау тәртіп сақшылары жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және жол ережелеріне мұқият болуға шақырады. Заңға қайшы әрбір әрекет үшін жауапкершілік көзделгенін ескертеміз, - деді ведомство өкілдері. 

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында шу шығарған мас шетелдік айыппұл төледі.