ҚТЖ қарызы триллионнан асты: Тариф тағы қымбаттай ма?
2026 жылы Қазақстанда теміржол тарифтері өзгеруі мүмкін. Министрлік мұны инфрақұрылымға салынған инвестицияларды қайтару қажеттілігімен түсіндірді.
Қазақстан темір жолы компаниясының қарызы 4,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның нақты негізгі борышы 4,7 трлн теңгені құрайды.Оның ішінде сыртқы қарыз – 1,8 трлн теңге,ішкі қарыз – 2,9 трлн теңге.
Ведомство қарыз көлемінің артуын көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалармен байланыстырды.
Атап айтқанда, тартылған қаражат жаңа теміржол желілерін салуға, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, локомотивтер мен вагондар паркін жаңартуға жұмсалған.
Министрліктің хабарлауынша, бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік берген.
Сонымен қатар транзиттік тасымалдардан түсетін табыс швейцариялық франкпен қалыптасады. Бұл валюталық түсімдердің өсуіне ықпал етіп, қарыз міндеттемелерін өтеудің қосымша көзі болып отыр, - делінген ресми жауапта.
Қарыз құрылымында не басым?
Көлік министрлігі қазіргі міндеттемелердің негізгі бөлігін ұзақ мерзімді мақсатты қарыздар құрайтынын айтты. Олар негізінен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін тартылған.
Министрлік пен компания қаржылық тұрақтылықты күшейту бойынша бірқатар шара қабылдап жатқанын да мәлімдеді.
Соның ішінде тарифтік саясатты кезең-кезеңімен өзгерту қарастырылып отыр.
2026 жылға қарай тасымалдардың өзін-өзі ақтау деңгейіне жету үшін тарифтік саясат жетілдіріледі, – деп хабарлады ведомство.
Теміржол тарифтері өзгеруі мүмкін
Министрлік мәліметіне сәйкес, трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту жобалары аясында 2026 жылы магистральдық теміржол желісі қызметтеріне тарифтерді түзету жоспарланған.
Ведомство мұны теміржолдардың өткізу қабілетін кеңейту,инфрақұрылымға салынған инвестицияларды қайтару қажеттілігімен түсіндірді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалы мен логистика нарығындағы бағаға әсер етуі мүмкін.
Қайта құрылымдау болмайды
Министрлік қазіргі таңда Қазақстан темір жолы компаниясын қаржылық қайта құрылымдау жоспарланбағанын атап өтті.
Компания кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелерін толық және уақытылы орындап келеді, - делінген жауапта.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау негізінен әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалдарын субсидиялау арқылы жүзеге асырылатыны айтылды.
Халықаралық рейтингтері сақталған
Министрлік компанияның қаржылық тұрақтылығы халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауымен расталғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда:
- Moody’s – Baa2;
- Fitch Ratings – BBB-;
- S&P Global Ratings – BB.
Ведомство халықаралық банктер мен даму институттарының компанияға қаржы бөлуге дайын болуы және еурооблигацияларға жоғары сұраныс инвесторлардың сенімі сақталғанын көрсететінін айтты.
ҚТЖ IPO-ға дайындалып жатыр
Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы қаулысына сәйкес, Қазақстан темір жолы IPO-сы 2026 жылға жоспарланған.
Қазіргі уақытта компания сыртқы консультанттармен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда пойыз билеттері күрт қымбаттауы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.