Бүгiн 2026, 12:16 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Баспана қымбаттай ма? Сарапшы жаңа салықты түсіндірді

Құрылыс секторы ел экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі екені де айтылды.

Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко тұрғын үй бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғамда қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі тек құрылыс компанияларына әсер етті деген түсінік қалыптасқан. Алайда мәселенің экономикалық жағы көп жағдайда ескерілмей отыр.

"Құрылысшыларға ҚҚС көтерілген жоқ"

Лукьяненко құрылыс салушылар үшін ҚҚС мөлшерлемесі көтерілмегенін айтты.

Бұған дейін құрылыс компаниялары бұл салықты төлеуден босатылған еді. Қазір сол жеңілдік алынып тасталды, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, тұрғын үй бағасы бір күнде қалыптаспайды. Құрылыс нысандарының салынуы әдетте 2-3 жылға созылады. Сондықтан құрылыс компаниялары заңдағы өзгерістер күшіне енбей тұрып-ақ болашақ шығындарды бағаға алдын ала енгізіп қойған.

Нарықтың басым бөлігі жеке тұлғалар 

Нина Лукьяненко қазіргі нарықтың кемінде 60 пайызы жеке тұлғалар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қайталама нарықтағы пәтер иелері. Олар тұрғын үйді өз атынан сатады және мұндай жағдайда ҚҚС төленбейді.

Жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді. Сондықтан ҚҚС тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді деген мәселе тек құрылыс саласына ғана қатысты емес, – деді сарапшы.

"ҚҚС барлық тауар мен қызметтің ішінде бар"

Лукьяненко қосылған құн салығы экономиканың барлық саласына әсер ететінін айтты.

Сіз дүкенге барып сүт сатып алсаңыз да, оның бағасының ішінде ҚҚС бар. Бұл кез келген тауар мен қызметке қатысты. Сондықтан мәселе тек құрылысшыларда емес, жалпы экономикалық жағдайда болып отыр, – деді ол.

Сарапшы құрылыс секторын ел экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі деп атады.

Оның айтуынша, құрылыс саласы тек құрылыс компанияларынан тұрмайды. Оның ішінде, көлік қызметі, логистика, жүк жеткізу, құрылыс материалдарын өндіру секілді көптеген бизнес қатар жұмыс істейді.

Мысалы, Қазақстанда өндірілетін плитканың өзі құрылыс нарығымен байланысты. Бұл – тұйық экономикалық цикл. Сондықтан құрылыс саласындағы өзгерістер бүкіл экономикаға әсер етеді, – деп түйіндеді Нина Лукьяненко.

Оқи отырыңыз: 

Жұманғарин: ҚҚС енгізілсе де, баспана қымбаттамайды